6 тауар бойынша импортқа тәуелдіміз – ауыл шаруашылық министрі

3 Желтоқсан 2019, 11:19
13262
Бөлісу:
6 тауар бойынша импортқа тәуелдіміз – ауыл шаруашылық министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір біздегі әлеуметтің маңызы бар тауарлар тізбесіне 19 тауар енген. Олардың ішінде 505 млн АҚШ доллары сомасындағы 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелдіміз. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Атап айтқанда бұл 191,6 тонна немесе ішкі тұтынудың 49% көлеміндегі құс еті, шамамен 30 мың тонна немесе импорт үлесі 39% көлемдегі шұжық өнімдері. 21,9 мың тонна немесе жалпы тұтынудың 46,5% көлемдегі ірімшік пен сүт, сүзбе. 101 мың тонна немесе импорт үлесі 31,5% көлемдегі алма, шамамен 250 мың тонна немесе импорт үлесі 57,3% көлемдегі қант. 30,6 мың тонна немесе импорт үлесі 72% көлемдегі балық, - деді министр. 

Сонымен қатар, ол импорт алмастыру міндеті орта мерзімдік перспективада 2024 жылға дейін іске асырылатынын айтты. Ол бойынша министрліктің нақты жоспары бар екен. 
Сүт бойынша жыл сайын кемінде 25% өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын пайдалануға енгізу жоспары бар. Құс етінің импортын алмастыру үшін қуаты 200 мың тонналық құс фабрикаларын қосымша пайдалануға енгізу қажет. Қазір 155 мың тонна құс етін өндіруге арналған 12 жоба іске асыру сатынсында тұр. Алма импортын алмастыру үшін қосымша жыл сайын 1600 гектар алаңда бақтар өсіру керек. Олар 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді. Келесі жылы 1655 гектарға дайын жобалар бар, олар қазір іске асырылып жатыр. Ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету бойынша жаңа екі зауыт салу, жұмыс істеп тұрған 3 зауытты жаңғырту  және қант қызылшасын егу жұмыстарын ұлғайту қажет, - дейді министр. 

Оның айтуынша, импортты алмастыру жөніндегі бұл шаралардың іске асырылуы 2024 жылға қарай сектордың негізгі капиталына шамамен 770 млрд теңге инвестиция тарта отырып іске асрылмақ.
Бұл ішкі нарықты 80 және 100% дейін отандық өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз тиімсіз субсидиялардан бас тартып, нәтижелі бағдарланған субсидияларға көшу арқылы қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынамыз, - деді Сапархан Омаров. 

Сонымен қатар, ол Қазақстанның агрокешенін тежеп тұрған бірқатар проблемалар бар екенін айта келе, олар ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімінің төмендігі және мал шаруашылығындағы өнімділіктің төмендігі екенін жеткізді. 
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 60 пайыздан астамы мал шаруашылығымен емес, тек өсімдік шаруашылығымен айналысады. Тиісінше олар халықты жыл бойы жұмыспен қамти алмайды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының тозу дәрежесі 80 пайызға жетеді. Қарыз қаражатына қолжетімділік, оның ішіндегі көктемгі дала жұмыстары үшін 2 жылға арналған айналым бойынша мәселелер бар. Әр проблеманың өз шешімі бар, - дейді министр.
Өзгелердің жаңалығы