6 миллиондай салымшының жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді

1 Қазан 2020, 07:45
1892
Бөлісу:
6 миллиондай салымшының жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір үш адамның екеуі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ жайлы әңгімелеседі. Себебі, әркім жинағының бір бөлігін алып, кәдесіне жаратқысы келеді. Алайда, салымшылардың барлығының мүмкіндігі бірдей емес, деп жазды inbusiness.kz.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылар зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерден асқан бөлігін бастапқы немесе қайталама нарықтан үй сатып алуға, ипотекалық қарызын жабуға, жер телімін сатып алуға, емделуге, білім алуға және зейнетақы активтерін инвестициялау үшін жекеменшік компаниялардың басқаруына беруге пайдалана алатынын мәлімдеді. Сол кезде 721 мың салымшының қордан шамамен 1,4 трлн теңге ала алатыны айтылды. Бүгін біз 721 мың салымшының қатарына қосылған азааттарды қоя тұрып, зейнетақы жинағын жеткілікті шекке жеткізе алмаған, тіпті, қорда қалуға тиіс жинаққа салым сомасын маңайлата алмаған азаматтар жайлы сөз қозғағалы отырмыз.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша, БЖЗҚ-да 10 млн 800 мыңнан астам салымшының зейнетақы жинағы бар. Салымшылардың 5 млн 600 мыңнан астамы – ер, 5 млн 200 мыңнан астамы – әйел. 5 906 632 салымшының шотында – 500 мың теңгеге дейін; 1 590 837 салымшының шотында – 501 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін; 2 348 114 салымшының шотында – 1-3 млн теңгеге дейін; 634 188 салымшының шотында – 3-5 млн теңгеге дейін; 238 931 салымшының шотында – 5-8 млн теңгеге дейін; 151 908 салымшының шотында – 8 млн теңгеден астам қаржы бар.

Салымы 500 мың теңгеге де жетпеген салымшылар келесі жылы жүзеге асырылатын жобадан әлдеқашан күдер үзген. Бұл – олардың осы күнге дейінгі жалақысы мардымсыз болғанының және айлығын шайлығына әрең жеткізіп келгенінің көрсеткіші. Зейнетақы қорына 1 млн теңгеге дейін қаржы жинаған салымшылардың да жағдайы мәз емес. Жинағы 1 млн мен 3 млн теңге аралығындағы азаматтар да алысқа бара алмайтындарын біліп отыр. Қазір жинағы 3-5 млн теңгені құрайтын және 8 млн-нан астам қор қалыптастырған салымшылардың ғана жағасы жайлауда.

Біле жүріңіз, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағы 12,2 трлн теңгеден немесе 28,6 млрд доллардан асты. Жыл басынан бері салымшыларға 2 млрд доллардан астам таза инвестициялық табыс аударылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 443,1 млрд теңгеге артық.

Зейнетақы жинағы жыл басынан бері 1,4 трлн теңгеге немесе 13%-ға ұлғайды. Зейнетақы жинағының 97,6%-ы міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасып, 11,9 трлн теңгені немесе 27,8 млрд долларды құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы 294 млрд теңгеге немесе 689 млн долларға жетті. Ерікті зейнетақы жарнасы 2 млрд теңгеден немесе 4,6 млн доллардан асты, - деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Жария етілгендей, салымшылардың шоттарына жыл басынан бері 685,6 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түскен. Ал жыл басынан бергі төлемдер 117,5 млрд теңгені немесе 275 млн долларды құраған.

Салымшылардың жасына байланысты, төлемдерге – 39,5 млрд, ел аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға көшу төлемдеріне – 23,3 млрд, сақтандыру ұйымдары аударымдарына – 31,5 млрд, мұрагерлік төлемге – 19,8 млрд, жерлеу рәсіміне – 2,4 млрд теңге берілді, - деп хабарлады БЖЗҚ.

Өзгелердің жаңалығы