Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының 23 жастағы тұрғыны Еркінай Есенбаева енді 6 баланың анасы.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұңғышын 18 жасында босанған жас ана №1 облыстық перинаталды орталықта дүниеге үшем алып келді.
Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйелдің денсаулығы сыр беріп, сәбилерін мерзімінен ерте - сегіз айда босанған.
Ана мен бала өміріне қауіп төндірмес үшін дәрігерлер әйелді кесар тілігі арқылы босандырған. Екі ұл мен бір қызды өмірге алып келген жас ана мен нәрестелердің қазіргі жағдайы жақсы. Олар дәрігерлердің арнайы күтімінде. Көпбалалы ананың дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Сәбилердің салмағы 2170 грамм, 2100 және 2615 грамм. Отбасымен ақылдаса келе нәрестелерге Ақжан, Маржан және Бақжан есімдерін берген. Жас отбасының 1 ұл, 2 қызы бар, - делінген хабарламада.
Жалпы, Түркістан облыстық №1 перзентханада биыл 155 егіз және 3 үшем дүниеге келген. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта туу көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда артқан. Жыл басынан бері өңірде 45 030 сәби дүниеге келген.
Оқи отырыңыз: