6 балаға сабақ беретін мұғалім 38 оқушысы бар ауыл мектебі жайлы айтты

5 Қазан 2026, 15:39
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 5 Қазан 2026, 15:39
5 Қазан 2026, 15:39
204
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ауыл мектебінде бір сыныпта небәрі 6 бала оқуы мүмкін. Бірақ оқушы саны аз болғанымен, мұғалімнің жауапкершілігі азаймайды. Керісінше, шағын жинақты мектепте әр балаға жеке көңіл бөліп, білім беру үшін ұстаздан үлкен дайындық пен ізденіс талап етіледі. Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Шұбарағаш ауылында 20 жылдан астам еңбек етіп жүрген бастауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова ауыл мектебіндегі жағдай, мұғалімдердің жалақысы, интернет мәселесі, жасанды интеллект және ұстаз мәртебесі туралы BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Ұстаздық жолды қашан бастадыңыз?

– Менің ұстаздық еңбек жолым 2003 жылы басталды. Содан бері білім беру саласында еңбек етіп келемін. Қазір педагог-зерттеуші санатым бар. Осы жылдар ішінде талай шәкірт тәрбиелеп, балалардың білім алуына, жан-жақты дамуына үлес қосып жүрмін. Білім кілті бастауышта дейді ғой. Яғни бастауышта балаға білімді қалай бересің, бала солай өседі деп санаймын. Өйткені ұстаз – ол бес-алты мамандықтың жиынтығы. Мұғалім ол балаға тәлім-тәрбие береді, білім береді, спорт пен өнерге баулиды. Яғни осының бәрі бір ұстаздың бойынан табылуы керек. Абай атамыз «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп айтқандай, біз балаға білім беруден шаршамай, керісінше олардың көзінен ұшқын көрсек, дамуына көмектесуіміз керек.

Қазір есептеп қарасам, мұғалім болып еңбек еткелі 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін білім мен тәрбие берген түлектерімнің саны 4 буын екен.

Ұстаздың мәртебесі қай уақытта көтеріледі? 45 минут бойы тақта алдында тұрып сөйлегеннен ұстаздың мәртебесі көтерілмейді. Мұғалімнің мәртебесі шәкіртің «осы ұстаз маған әріпті алғаш рет танысқан еді, осы мұғалімнің арқысында биік шыңдарға көтерілдім» деп айтса, осының өзі мұғалімдерге үлкен мотивация.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

– Мектептеріңіз туралы айтып берсеңіз. Қандай мектеп? Қашан ашылды?

– Біздің мектеп 2012 жылы ашылды. Бұған дейін балалар үлкен мектепке барып оқитын. Алайда қыстың күні боран соғып, балалардың мектепке жетуі қиындайтын. Кейде сабаққа бара алмай, үйлерінде қалып қоятын жағдайлар да болатын. Осы мәселені ескеріп, аудан әкімі ауылымызға арнайы екі қабатты шағын жинақты бастауыш мектебін салып берді. Бұл 4 жылдық мектеп. Бастауышты тәмамдаған балалар 5-сыныптан бастап үлкен ауылдағы мектепті автобуспен қатынап оқиды.

Қазір менің сыныбымда 6 бала бар. Бір сыныпта 8 бала, тағы бірінде 10 оқушы. Бұған дейін үлкен мектепте жұмыс істегенмін. Ол жақта бір сыныпта 25 балаға дейін болды. Бірақ 5-6 балаға сабақ бергеннен гөрі 25 балаға сабақ берген жеңілірек.

Бізге «балалардың саны аз ғой, бәрі үздік болуы керек қой» деп айтып жатады. Тіпті кейді «қалайша 3 алады, бала саны аз ғой?» деп те сұрап жатады. Алайда бала саны аз деп, көз жұмып отырмаймыз. Бәріне бірдей білім береміз. Алты оқушым да жанып тұр, ойларын ашық айтады, сабақтан себепсіз қалмайды.

Мектебіміз өте жақсы. Ішінде оқу процесіне қажетті жағдайдың бәрі бар. Қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тек қазіргі замандағы ең үлкен мәселе – оқушы санының аздығы. Қалған жағынан мектебімізде барлық мүмкіндік қарастырылған.

Біз осы мектепте талай білімді шәкірт тәрбиелеп келеміз. Облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысып, математика және бастауыш сыныптар бойынша жетістікке жетіп жүрген оқушыларымыз бар. Қазір мектебіміздің бастауыш сыныптарында 38 бала білім алады. Төрт сынып бар. Алты мұғалім жұмыс істейді. Сонымен қатар тәрбие жұмысына жауапты мамандарымыз да бар. Барлығымыз өз міндетімізді атқарып келеміз.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

– Шағын жинақты мектепте жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Сіздер үшін қандай қиындықтар кездеседі?

– Ауыл мектебінде жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе интернет пен заманауи технологияларды пайдалану мәселесі әлі де өзекті. Дегенмен қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, балаларға сапалы білім беруге тырысамыз. Мұғалімнің ізденуі де, өз бетінше жұмыс істеуі де маңызды.

– Мектепте интернет мәселесі бар ма?

– Интернет мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Бұл туралы жыл сайын өтініш жазып, тиісті орындарға айтып келеміз. Бірақ әзірге нәтиже көңіл көншітпейді. Соған қарамастан, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, сабақты өзіміз ұйымдастырамыз.

Қазір заман өзгерді, балалар да жылдам дамып келеді. Олардың барлығы дерлік телефонды пайдаланады. Ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан ауыл мектептеріне де заманауи технологиялар қажет. Қала мектептерінде мұндай мүмкіндіктер көбірек болуы мүмкін, ал ауылда кейде қарапайым интернеттің өзі қолжетімсіз болып жатады.

– Заманауи мұғалім қандай болуы керек? Ауыл мұғалімі мен қала мұғалімінің арасында айырмашылық бар деп ойлайсыз ба?

– Мен ауыл мұғалімі мен қала мұғалімін бөліп-жарғым келмейді. Әр мұғалім – жеке тұлға. Қалада да, ауылда да өз мамандығын сүйетін, білікті әрі білімді ұстаздар бар. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мұғалімдер екі жақта да жеткілікті.

Мұғалімнің кәсіби деңгейін оның қай жерде жұмыс істейтініне қарап бағалауға болмайды. Ауылда да білімді, тәжірибелі, жаңашыл ұстаздар көп. Дегенмен ауыл мұғалімдерінің жағдайына ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Өйткені ауылда жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары бар. Мұғалімнің сапалы білім беруі үшін оған қажетті жағдай жасалуы тиіс.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

– Мұғалімдердің бүгінгі таңдағы басты мәселелері қандай? Мысалы, жалақыға қатысты пікіріңіз қандай?

– Қоғамда мұғалімдердің жалақысы өсті деген пікір жиі айтылады. Бірақ мұғалімдердің бәрі бірдей жоғары жалақы алмайды. Мысалы, менің айлығым 300 мың теңгеден сәл асады. Қазіргі қымбатшылық жағдайында бұл қаражат көп нәрсеге жете бермейді.

Мұғалімнің 500 мың теңгеден жоғары жалақы алуы оның апталық жүктемесіне байланысты. Мысалы, аптасына 22-24 сағат сабақ беретін мұғалімнің айлығы 500 мың теңгеден асуы мүмкін. Ал бізде бір ставкаға (16 сағат) тиесілі сағат саны аз. Сондықтан жалақы да соған сәйкес есептеледі. Мұғалімдердің еңбекақысын бағалағанда олардың апталық жүктемесін де ескеру қажет.

– Ауыл мектептерінде интернетті еркін пайдалануға мүмкіндік беру мәселесін қалай бағалайсыз? Қазір жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Оны сабақта қалай қолданасыз?

– Интернеттің сабақ барысында қолжетімді болғанын қолдаймын. Өйткені ол мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білімін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мысалы, сабағымның тақырыбына сәйкес бейнематериалдарды көрсетемін. Оқушылар оны көріп, тақырыпты жақсырақ түсінеді. Содан кейін сабағымды жалғастырамын.

Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін көрнекі материалдардың маңызы зор. Балалар бейнематериалдар арқылы ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан интернетті сабақ барысында тиімді пайдалануға мүмкіндік болғаны дұрыс.

– Білім беру жүйесіндегі соңғы өзгерістерге, соның ішінде оқу процесін ұйымдастыруға қатысты жаңашылдықтарға көзқарасыңыз қандай?

– Білім беру саласында өзгерістер болып жатқаны белгілі. Мұндай жаңашылдықтарды жүзеге асырғанда ауыл мектептерінің мүмкіндіктерін де ескеру қажет. Мұғалім мен оқушыға қолайлы жағдай жасалуы маңызды.

Әсіресе бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істегенде олардың жас ерекшелігіне сай әдістерді қолдану керек. Балалармен қарым-қатынас жасауда да олардың қабылдау деңгейін ескерген жөн. Оларға тақырыпты түсінікті әрі қызықты етіп жеткізу – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі.

– Мұғалімдердің мәртебесін көтеру және жағдайын жақсарту мақсатында қабылданған заңдар сіздерге қаншалықты әсер етіп жатыр? Мәселен, ұстаздарды өзіне тиесілі емес жұмыстарға тарту мәселесі әлі де бар ма?

– Ауылдық жерде бұл заңдардың талаптары толық орындалып жатыр деп айта алмаймын. Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданғанымен, ұстаздарды өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тарту жағдайлары әлі де кездеседі.

Кейде мұғалімдерге түрлі қосымша тапсырмалар жүктеледі. Мұндай жұмыстардың барлығы бірдей мұғалімнің тікелей міндетіне жатпайды. Соған қарамастан, кейбір тапсырмаларды орындауға мәжбүр болатын жағдайлар бар. Мұғалімнің өз құқығын қорғап, мұндай жұмыстардан бас тартуы да оңай емес.

Мұғалімдерге көбірек еркіндік берілуі керек деп ойлаймын. Кейде қағазбастылық та көп. Электрондық құжаттарды толтыру, есептер дайындау сияқты жұмыстар мұғалімнің уақытын алады. Соның салдарынан негізгі міндеті – балаға білім беру мен тәрбие жұмысына бөлінетін уақыт азаяды.

Мұғалімге сенім артып, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет. Еркіндік алған мұғалім балалардың да еркін ойлауына жол ашады. Сондықтан артық қағазбастылықты азайтып, ұстаздардың өз жұмысына көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасалуы керек.

– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге алғыс айтамын.

Айта кетейік, педагог Ақсәуле Жақыпбекова Bilim Group-тің Mugalim әлеуметтік жобасының кейіпкері. Деректі фильмде кейіпкер өз ісі арқылы оқушылары, мектебі және жалпы еліміздің білім беру жүйесіне енгізіп жүрген өзгерісі жайлы айтады.

Наверх