6 бала жансақтау бөлімінде: Баланы инфекциядан қалай қорғаймыз?

14 Ақпан 2023, 12:08
1265
Бөлісу:
6 бала жансақтау бөлімінде: Баланы инфекциядан қалай қорғаймыз?
Фото: stan.kz

Елордада бір күннің ішінде балалар арасында жедел респираторлы инфекциямен сырқаттанудың 29 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 6 науқас жансақтау бөлімінде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте инфекционист дәрігер Динагүл Баешова айтты. 

Дәрігер қала тұрғындарына балалар арасында жұқпалы аурулардың бар екенін, оның ішінде тұмау мен жедел респираторлы вирусты инфекцияның маусымы әлі басылмағанын жеткізді.

Жедел респираторлы инфекция кезінде баланың дене қызуы көтерілуі, тоңуы, басы ауруы, мұрынынан су ағуы, жөтелуі, дауысының өзгеруі, дем алуының ауырлауы сияқты белгілер болуы мүмкін. Бірақ аталған инфекция 80-85 пайыз жағдайда жеңіл өтеді, бірақ орташа немесе ауыр түрде де өтуі мүмкін, - деді ол. 

Динагүл Баешованың айтуынша, баланың дем алысы ауырлап, тамақ пен судан бас тартқан кезде, лоқсу пайда болғанда медициналық көмекке міндетті түрде жүгіну керек.

Ал басқа белгілер кезінде баланы емдеу үшін оның жылы жерде болуы, көп су ішуі қажет.

Бірақ кола, морс емес, тек қайнаған су беру керек. Өйткені тәтті сусындар бергенде қақырықтың шығуы қиындайды. Мұны ата-аналардың білуі өте маңызды, - деді дәрігер.

Сонымен қатар, жоғары дене қызуын түсіру үшін парацетамолды 4 сағаттан жиі, ал ибуфенді 6-8 сағаттан жиі беруге болмайды. Дене қызуы дәрімен түспеген жағдайда, бала денесін бөлме температурасындағы суға салынған орамалмен сүртіп шығу керек.  

Айта кетейік, бала ауырып қалған жағдайда оны балабақшаға не мектепке апаруға болмайды. Өйткені ол инфекцияны басқаларға жұқтырып қоймай, өзі де қосымша басқа инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. 

Өзгелердің жаңалығы