Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 5G желісі 2023 жылы облыс орталықтарында қолжетімді болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты.
"Тартылатын инвестиция көлемі қомақты болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент секілді республикалық маңызы бар қалаларда енгізу жоспарланып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы "Astana Hub" аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ол 2020 жылы толықтай іске қосылады. Ал 2021 жылдың соңына дейін елордадағы Назарбаев университеті мен ЭКСПО кешенінде, 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясы іске қосылады", - дейді Асқар Жұмағалиев.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап, барлық облыс орталықтарында 5G желісі қосылады.
"Осы орайда Жол картасы бекітілді. Қазіргі кезде 5G жаңа мобильді байланыс технологиясын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз тестілік тұрғыда сынақ жасап жасап көрдік. Соның нәтижесінде телемедицина, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және "ақылды" қалаларды дамытуға мүмкіндіктер беретіні анықталып отыр", - дейді министр.