Алматыда салық төлейтін нысандардың саны 642 мыңды құрайды. Бағалау құны 3 054 млрд теңге, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев атап өтті.
Салық кодексінің 526-бабына сәйкес, мүлік салығын төлемейтін адамдардың арнайы санаттары бар. Бұл санатқа кімдер кіретіндігі жайлы ақпаратты біздің әлеуметтік парақшаларымыздан оқи аласыздар. 2022 жылға есептелген салық сомасы 3,9 млрд теңгеден асады. Алматыда салық төлеуге міндетті 642 172 нысан бар. Өткен жылмен салыстырғанда, салық салу нысандарының бағалау құны 27 238-ге ұлғайды. Орташа есеппен қаламызда салық сөлейтін жеке үйлердің саны 547-ге, пәтерлер 21 262-ге, гараждар 5246-ға ұлғайды. Айта кету керек, жаңа салық салу нысандарының негізгі бөлігі Бостандық ауданына тиесілі, – дейді Қуаныш Түменбаев.
Спикердің айтуынша, салық төлемегендердің басым көпшілігі Медеу ауданында тұрады.
Бүгінгі күнге дейін 55 мың алматылық 735 млн теңгенің салығын төлемеген. Салыққа берешегі бар тұрғындардың көпшілігі Медеу ауданында тұрады. Олардың берешегі 315 млн теңгедан асады. Салықтарды төлемеуге байланысты жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін, жеке тұлғалардың мүлік салығын алдағы күндері төлеуге шақырамыз. Салық төлеушілердің сұрақтары, түсініксіз жағдайлар болса, 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады, – дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы.