55 млрд теңге 200 ауылды көркейтуге жұмсалады - Қаржы министрлігі

2 Наурыз 2023, 17:31
724
Бөлісу:
55 млрд теңге 200 ауылды көркейтуге жұмсалады - Қаржы министрлігі
Фото: Үкімет

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы, бюджетті нақтылау аясында келесі басым бағыттарға жалпы сомасы 2,2 трлн теңге шығындарды ұлғайту қарастырылған. Өңірлерді нығайту мен инфрақұрылымын дамытуға 240 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге 109 млрд теңге жұмсалады, - деп атап өтті ведомство өкілі заң жобасын таныстыру барысында. 

Айтуынша, 2023 жылы қосымша шығындар қалаларды орталықтандырылған сумен жабдықтау қолжетімділігін 99 пайызға дейін, ал ауылдық елді мекендерде 96,5 пайызға дейін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын әрі қарай іске асыруды жалғастыруға 55 млрд теңге қарастырылған. Бұл шығын 200 ауылдық елді мекенді жаңартуға жұмсалуы тиіс. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дамуына 24 млрд теңге бөлінеді. 

Бұл қаражаттар аясында 550 аз қабатты тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы қаржы есебінен 15 мың жер учаскелеріне жеке баспана құрылысы салынады. Ал ірі қалалардың, шағын және моноқалалардың шеткері аймағын дамытуға 27 млрд теңге қарастырылған. 

Еске сала кетейік, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Өзгелердің жаңалығы