55%-ға төмендеді. Сенатор теріні қайта өңдеу саласының проблемаларын айтты

19 Қаңтар 2024, 09:43
417
Бөлісу:
55%-ға төмендеді. Сенатор теріні қайта өңдеу саласының проблемаларын айтты
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазіргі уақытта республикада қуаттылығы жылына 4 млн-ға дейін ірі қара малдың терісін өңдейтін 10-нан астам былғары кәсіпорны жұмыс істейді, бірақ олар тек 30% ғана жүктелген, деп хабарайды BAQ.KZ тілшісі.

Олардың көпшілігі бірде істеп, бірде тұралап тұр, ал үшіншісінде үнемі шикізат жетіспейді. Сенатор Жанболат Жөргенбаев ауыл шаруашылығы өңдеушілерінің проблемалары туралы айтып берді.

2023 жылдың қаңтар-қараша айларында отандық кәсіпорындар 220 мың дана ірі қара мал терісін қайта өңдеді, 2022 жылдың тоғыз айлық көрсеткішімен салыстырғанда өндіріс 55%-ға төмендеді. Бұны мамандар үшінші елдер тарапынан былғары өнімдеріне сұраныстың төмендеуіне байланысты болды деп отыр. Үкімет мал терісін кәдеге жарату мәселесіне 2014-2015 жылдардан бері ғана ішінара көңіл бөле бастады. Бірақ оның сипаты мал терісінің экспортын шектеу немесе шектеуді алып тастаумен ғана реттеледі, - деді сенатор.

Депутат саланың негізгі проблемаларының қатарында шағын шаруа және фермер қожалықтарында өндірілген өнім сапасының төмендігі, шикізат сатып алуға айналым қаржысының болмауы, жабдықтардың тозу дәрежесінің жоғарылығы және дайындау жүйесінің кенже қалғанын атап өтті.

Депутаттың пікірінше, былғары өндірісі мен жартылай биязы жүнді өңдейтін ірі кәсіпорындарды ашу мәселені шеше алады. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныстар жолдады.

Біріншіден, теріден бұйым жасайтын өндіріс орындарына жабдықтар мен техниканы сатып алуға инвестициялық субсидия қарастыру керек. Сондай-ақ малдың терісін өңдейтін өндіріске шикізат сатып алу үшін субсидия мен салық жеңілдіктері қаралуы тиіс. Әрбір өңірде тері және жүн жинаудың сервистік-дайындау орталықтарын құру мәселесі өткір тұр. Сонымен қатар жануарларды есепке алудың жаңа цифрлық платформасын әзірлеу кезінде әкімшілендіру мен бақылауды күшейту тетіктері де көзделуі тиіс, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы