53 жыл құжатсыз өмір сүрген Атырау тұрғыны жеке куәлік алды

6 Наурыз 2023, 11:24
797
Бөлісу:
53 жыл құжатсыз өмір сүрген Атырау тұрғыны жеке куәлік алды
Фото: Хабар24

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі болғандай, ІІМ-де шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзушылықтарын анықтауға бағытталған «Мигрант» операциясының қорытындысы шығарылды.

Еліміздің Еуразия құрлығының орталығындағы жағдайы оның аумағындағы ауқымды көші-қон процестерін айқындайды. Орталық Азия өңірінің елдері және Ресей мен Қазақстан арасында әлемдегі ең ірі Еуразиялық транзиттік дәліз қалыптасты. Осыған байланысты ІІМ еңбек қатынастарында тиісті көші-қонды бақылауды және азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандырды. Операция барысында полиция шетелдіктер көп тұратын жерлерді, құрылыс нысандарын, базарларды, шетелдіктердің жалдамалы еңбегін пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексерді. Операцияның 8 күнінде 9 213 көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5 113-і – шетелдіктердің елде болу мерзімін бұзуымен байланысты, - деп атап өтті ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Айта кету керек, кейде пайда табу үшін жұмыс берушілер шетелдіктердің заңсыз еңбегін арнайы рұқсат құжаттарын алмай пайдаланады. 

Осылайша азаматтарымызды еңбек қызметін жүзеге асыру мүмкіндігінен айырады. Елде шетелдіктердің аңсыз еңбек қызметіне қатысты 3 мыңға жуық (2 741) факті анықталды, 471 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Алматы және Атырау қалаларының құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істеген 145 шетелдік анықталды. Осыған ұқсас фактілер Астана, Шымкент, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Сондай-ақ Алматы мен Шымкент, Атырау және Павлодар облыстарында бірнеше рет заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер белгілі болды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Айтуынша, өздеріне келген шетелдіктер туралы полицияны уақтылы хабардар етпегені үшін 3 631 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы соттардың 674 шешімі шығарылған.

Барлық шығарылған адамдарға Қазақстанға кіруге 5 жылға тыйым салынды. Азаматтығы бар елде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 22 шетелдік ұсталды. Рейдтер жүргізу кезінде: Жамбыл облысында Шекара қызметімен және ҰҚК-мен бірлескен іс-қимылмен елімізге заңсыз кірген Пәкістанның 9 азаматы ұсталды. Алматыда 2022 жылғы қарашада өткізу пунктінен тыс мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Қырғыз Республикасының азаматы қолға түсті. Осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу, заңсыз иммигранттарға баспана берген адамдарға қатысты да тергеу жүргізіледі. Операция кезінде полиция әртүрлі себептермен жеке басын куәландыратын құжаттар ала алмаған азаматтарға құжат рәсімдеуге көмек көрсетті. Мәселен, 1970 жылы туған, 53 жыл құжатсыз өмір сүрген Атырау тұрғынына жеке куәлік алуға көмектесті. Осындай көмек Алматыда, Қызылорда және Түркістан облыстарында көрсетілді, - деді ІІМ өкілі. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде бір аптада 3000 қылмыс жасалды.

Өзгелердің жаңалығы