Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі жас ғалым, PhD докторы Бекарыс Нұриман осыдан 5 ғасыр бұрын Макиавелли деген данышпанның түркі тектестерді француздармен салыстырғанын айтады.
Осыдан 5 ғасыр бұрын ғой, Макиавелли деген данышпан бізді француздармен салыстырыпты. Ол кезде біз қайда, француз қайда?! Дегенмен салыстыруы қызық. Еріксіз назарымды аударды. Ол өзі ел басқару жүйесі мен өзге елді отарлаудың үлгісін жазған кісі. Сонда түркілер мен француздардың басқару жүйесі екі түрлі деп түсіндіреді (бұл жерде Османлыны айтқан болуы да мүмкін, алайда бүкіл түркі халықтарында басқару жүйесі ұқсас деуге болады). Макиавеллидің айтуынша, түркілерде мемлекет басында хан (сұлтан) деген болады. Ол елді аймақтарға бөліп, әр аймаққа билеушілерді тағайындайды. Оларды қалаған уақытында ауыстыра алады. Біздегі хандық басқару емес пе бұл?! Мәселен, Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) әр аймақты кіші хандық деп белгілеп, кіші хандарды тағайындап отырды емес пе?! Ал, француздарды король билейді дейді Макиавелли. Әр аймақты жергілікті халықтың ішінен шыққан, елдің құрметіне ие болған, абыройлы әрі көшбасшы кісілер билейді екен. Бірақ король оларға қалағанынша әмір жүргізе алмайды, олармен санасады - деп жазды Бекарыс Нұриман өзінің парақшасында.
Сонымен қатар жас ғалым Макиавеллидің жазбасындағы өзін таңқалдырған тұсын ерекше атап өтеді.
Оның жазбасындағы мені таңқалдырғаны мынау: «Түркілерді сырттан барып, жаулап алу қиын, алайда жаулап ала алсаң, басқару оңай. Француздарды жаулап алу оңай, бірақ одан соң басқару қиын». Әрі қарай мұның себебін түсіндіреді. Біріншіден, түркілерде ұлы қаған мен кіші хандардың ауызбіршлігі мықты. Яғни кіші хан ұлы қағанға қарсы астыртын саясат ұйымдастырмайды, басқаша айтқанда сатқындық жасап, сырттан қосымша күш шақырмайды. Екіншіден, олар өзара алауыз болып, сыртқы күштердің жаулауына мүмкіндік бермейді. Тіпті сырттан жаулаушылар келе қалса, билеуші мен халық жұмылған жұдырықтай бола қалады екен - дейді жас ғалым.
Сондай ол, мұны М.Әуезов керемет түсіндіріп бергенін айтады.
«Ол кездегі тыныштық, амандық, түгелдік ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатын, қара күштің ғана дәуірі жүрген заман. Әлі жеткен әлсіздің қожасы болған, әлсіздер құл мен күң болған заман. Не нәрсеге ие болсаң, иелігің қылыш жүзінде ғана сақталған. Сондықтан ол замандағы елдің сүйеніші кім? Сүйеніші қол бастаған батыры, ел бастаған ханы мен биі болған». Сол себепті хан мен халық бір-біріне арқа сүйеді, бір-бірі үшін басын бәйгеге тікті. Сондықтан Макиавелли оларды жаулау мүлде мүмкін емес. Егер жаулай алсаң, онда басқару оңай. Олар бұрынғы билеушіге бағынғаны секілді кейінгі билеушіге бағынады дейді. Ал, француздар керісінше. Аймақ билеушілері корольге үнемі іштей наразы болып жүреді. Солардың бірін сатып алсаң, корольді тақтан құлату оңай, елін емін-еркін басып аласың. Алайда, кейін ол елді басқару қиын. Себебі, олар жаңа корольді де төңкеріп тастай салады екен. Қарап отырсақ, француздар сол алауыздық пен төңкерістерден сабақ алған секілді. Билік өкілдері де, халық та қатесін түзеп, ел болудың қамына кіріскен. Бұл дерек жазылғалы 500 жылдан асты. Не өзгерді? - дейді Бекарыс Нұриман.