Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Алматы облысында 500-ден астам мас жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылы көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқарған 274 жүргізуші сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылса, 542 адам әкімшілік қамаққа алынған.Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Алматы облысының тәртіп сақшылары 108 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған. 102 мыңнан астам тұлға жол ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жол қозғалысын қамтамасыз ету кезінде биыл 6 ай ішінде 621 жүргізушінің темір тұлпарды масаң күйде тізгіндегені анықталды. Әкімшілік іс материалдары сот қарауына жолданып, сот шешімімен 274 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылса, 542 тұлға әкімшілік қамаққа алынды. Жүргізілген талдау нәтижесінде, мас жүргізушілердің кінәсінен 28 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 42 адам әртүрлі дене жарақатын алған, ал екі адам апат салдарынан көз жұмған.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, биыл жол жүру ережесін ескермеген жүргізушілерден 500 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл өндірілген. Ал, Мемлекет Басшысының тапсырмасына тиісті өзгертулер енгізіліп, масаң күйде көлік тізгініне қайта отырған жүргізушілер әкімшілік қамаққа алынып, сот шешімімен көп жылға көлік басқару құқығынан айырылатыны белгілі.