5 мыңнан астам адам 1,5 млрд теңге жәрдемақы алды – министр

23 Ақпан 2024, 11:30
307
Бөлісу:
5 мыңнан астам адам  1,5 млрд теңге жәрдемақы алды – министр
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Павлодар облысына жұмыс сапары аясында өңір халқымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Онда Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру және қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы хабарлады.

Іс-шараға облыстық басқармалардың, өңірдің қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің басшылары, ҮЕҰ өкілдері, мүгедектігі бар адамдар қатысты. Барлығы 60-тан астам адам.

Сөз басында Еңбекмині басшысы 2023 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалғанын хабарлады. Павлодар облысында 215 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы: ең төмен базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін, ал 2024 жылы – 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайтылды; ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46%-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін артты.

Зейнетақының жиынтық орташа мөлшері (базалық, ынтымақты және жинақтаушы) 150 мың теңгеден асты. 2023 жылы облыс бойынша зейнетақы төлемдерінің көлемі 170 млрд теңгеден асты.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, жыл сайынғы әлеуметтік төлемдерді индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 9%. Сондай-ақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайды. Жалпы республика бойынша зейнетақы төлемдеріне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік бюджеттен 3 трлн 300 млрд теңге бағытталды, – деді Светлана Жақыпова.

Министр сондай-ақ еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін атап өтті.

2023 жылы: мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5% - ға индекстелді; Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды; Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен «Алтын алқа» алқасымен, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, «Батыр ана» атағын алған аналарға жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін арттырылды.

Сондай-ақ, Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға ұлғайтылды.

Балалары бар отбасыларды қолдауға 2023 жылы шамамен 1,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 655,7 млрд теңге, МӘСҚ қаражатынан – 635,2 млрд теңге бөлінді.

Жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысында:

- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді 6,6 млрд теңге сомасына 7 мыңға жуық адам алды;

- республикалық бюджет қаражатынан бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақыны 1,5 млрд теңге сомасына 10 мыңнан астам адам алды;

- республикалық бюджет қаражатынан жұмыс істемейтін әйелдерге берілетін бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақыны шамамен 1 млрд теңге сомаға 3 мыңға жуық адам алды;

- жұмыс істейтін ата-аналарға бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді 7 млрд теңгеден астам сомаға 15 мыңнан астам адам алды;

- мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін жәрдемақыны 2,5 млрд теңге сомаға 3 мыңнан астам адам алды.

- «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны 1,5 млрд теңге сомасына 5 мыңнан астам адам алды;

- кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 7 млрд теңгеден астам сомаға 9 мыңнан астам отбасы алды.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы мақсатында кешенді шаралар қабылданды. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылуда. 2023 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттама ратификацияланды. Әлеуметтік кодекс қабылданды, оған бірқатар қосымша әлеуметтік қолдау шаралары енгізілді: жөргектерді беру нормалары екі есе ұлғайды; «Спина бифида» диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдар жоғары сапалы катетерлермен қамтамасыз етіледі; ментальді бұзылуы бар балаларға арналған санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну бойынша пилот іске қосылды; 1-топ мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілері үшін зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналар аударылады, – деді Светлана Жақыпова.

Әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету үшін республикада арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 1000-нан астам ұйым жұмыс істейді, оның 62-сі Павлодар облысында орналасқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін әртүрлі өңірлерде ересектер мен балаларға арналған 12 оңалту орталығын салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, еліміздің төрт облысында, соның ішінде Павлодар облысында аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальді бұзылуы бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары ашылды.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірнеше пилоттық жобалар іске асырылуда. Олар сырттай проактивті форматта мүгедектікті белгілеу; Астана және Алматы қалаларында такси агрегаторлары арқылы инватакси қызметтерін көрсету; 6 өңірде сыйымдылығы шағын үйлерді енгізу; 4 өңірде мүгедектігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралдарын жеке таңдау.

2024 жылы бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бірінші – Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау, оны іске асыру әрбір азамат, дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан, лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін қоғам құруға мүмкіндік береді.

Екінші – олардың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау.

Үшінші – халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру. Өткен жылы жұмыс Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында басталды.

Төртінші – техникалық оңалту құралдары мен қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау.

Бесінші – ауылдық жерлерде тұратын мүгедектігі бар адамдар үшін телереабилитация технологияларын енгізу.

Алтыншы – оңалту іс-шараларының тиімділігін бақылауға және жақсартуға көмектесетін Цифрлық оңалту күнделігін әзірлеу.

Жетінші – әрбір азаматқа жеке және тиімді тәсілді ұсынатын әлеуметтік және кәсіптік оңалтудың цифрлық хаттамаларын енгізу.

Сегізінші – Әлеуметтік саланы дамытудың ұлттық ғылыми орталығын жаңғырту.

Осы бағыттарды іске асыру әділетті қоғамды дамытудың негізгі факторы болып табылады. Біз неғұрлым жетілдірілген және инклюзивті әлеуметтік саясат құру мақсатында ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа дайынбыз, – деп атап өтті министр.

Кездесу барысында Светлана Жақыпова өңір тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы