5 млрд шығын. ҰҚК Қызылорда облысында арнайы операция өткізді

17 Желтоқсан 2021, 13:04
1343
Бөлісу:
5 млрд шығын. ҰҚК Қызылорда облысында арнайы операция өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында ҰҚК өңірлік департаменті қызметкерлері прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, киік мүйізін заңсыз иемдену және өткізу дерегіне қатысы бар қылмыстық топтың заңсыз әрекетін анықтауға арналған арнайы операция өткізді.

8 желтоқсанда дериваттардың ірі партиясына қатысты әрекет кезінде қылмыстық схема ұйымдастырған жергілікті екі тұрғын ұсталды. Жалпы салмағы 500 келі 2347 киік мүйізі тәркіленді. Браконьерлер 1174 киік өлтірген. Нәтижесінде мемлекетке 5 миллиард теңге залал келтірген. Осы қылмыс салдарынан Қазақстандағы киік тұқымына айтарлықтай зиян келді. Ұсталған адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша заңсыз әрекетке өзге де қатысушыларды анықтау, айыпталушыларда киік мүйіздерінің қосымша партиялары бар ма деген сұрақ бойынша тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы