5 миллионнан астам салымшы теңгедегі депозиттер бойынша өтемақы ала алады

20 Қазан 2022, 14:00
1953
Бөлісу:
5 миллионнан астам салымшы теңгедегі депозиттер бойынша өтемақы ала алады

10% сыйлықақыны алу үшін салымшылар 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін өтініш-келісім беруі керек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық банктер жеке тұлғалардың 2022 жылғы 23 ақпанды қоса алғанда ашылған теңгедегі депозиттері бойынша 10% көлемінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда.

Өтемақы алу үшін салымшы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін өтініш беру арқылы келісімін растауы керек. Кейбір банктерде төлемге онлайн өтініш беру мүмкіндігі бар.

Әр банк өз бетінше анықтайтын өтемақы төлеудің шарттарын, тәртібі мен мерзімін білу үшін салымшылар депозит ашылған банкке тікелей хабарласуы қажет. Тиісті ақпарат ЕДБ ресми сайттарында да бар.

Біз салымшыларды өтемақы алу мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Егер сізде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін депозит ашылған болса, сіздің бұл сыйлықақыны алуға құқығыңыз бар. Өтемақы салымының ең жоғары сомасы 20 миллион теңге болғанымен, статистика көрсеткендей, өтемақы төлеуге негізінен 1 миллион теңгеге дейінгі депозиттер жатады, - деді ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев.

Төлемдерді банктер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін Ережелерде белгіленген мерзімдерде жүргізетінін естеріңізге саламыз.

Жинақ, мерзімді, мерзімдісіз, сондай-ақ білім беру жинақтау салымдары және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі жинақтар мен салымдар өтеуге жатады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 5 миллионнан астам салымшының салымдары өтемақыға жатады. Олардың ішінде салымшылардың 97% 5 миллион теңгеге дейін депозиті болса, басым бөлігі (86 %) 1 миллион теңгеге дейін салымды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы