5 айда ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі артты – ҰЭМ

14 Маусым 2022, 10:44
1618
Бөлісу:
5 айда ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі артты – ҰЭМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. 

Айтуынша, жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,3%-ға ұлғайған. 

Саладағы өндірістің оң өсуі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең төмен көрсеткіш Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалып отыр. 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдайға тоқталғым келеді. Барлық көрсеткіш бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалып отыр, - деді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ 6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 7 өңір көрсетті. 

Олар Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы, - деп атап өтті министр. 

Сонымен қатар ол орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отырғанын алға тартты. 

Салынып жатқан объектілерді уақытылы пайдалануға беруді бақылауды қамтамасыз ете отыра, құрылыс жұмыстары маусымын тиімді жүргізу. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын мониторингтеу және тиісті қалыпқа келтіру шараларын қабылдау. Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құруды екпінді қадағалау. Инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нүктелі жұмыс жүргізу, әр инвестициялық жобадан келетін экономикалық қайтарымды максимизациялау қажет, - деді Әлібек Қуантыров. 

Сондай-ақ ол экспорттық міндеттемелердің толық орындалуына жәрдемдесу және экспорттаушыларды барлық деңгейлерде қолдау керектігін айтты. Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру елімізді экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді деп отыр. 

Өзгелердің жаңалығы