+47,6°C: Қазақстанда бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тіркелді

Шілдеде еліміздің бірнеше өңірінде көпжылдық температура рекордтары жаңарды.

 kazhydromet.kz 19 Тамыз 2026, 12:06
19 Тамыз 2026, 12:06
123
Фото: kazhydromet.kz

Қазақстанда 2026 жылдың шілдесі бірнеше өңірде аптап ыстықпен және температуралық рекордтармен есте қалды. Мәселен, Шымкентте 111 жыл бұрын, яғни 1915 жылы тіркелген ыстық рекорды жаңарды. Бұл туралы бүгін, 19 тамызда «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Аптап ыстық рекордтары

Ұсынылған мәліметке сәйкес, шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-4°C жоғары болды.

Шілде бойы температуралық рекордтар республиканың оңтүстік бөлігінде ғана емес, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде де тіркелді.

Мәселен, Алматыда (Алматы облысы) 16-20 шілде аралығында қатты және өте қатты ыстық болып, бұған дейінгі бірнеше рекорд жаңарды:

  • 16 шілдеде +38°C тіркеліп, 2015 жылғы рекордтан (+37°C) асып түсті;
  • 17 шілдеде ауа температурасы +39,2°C-қа жетіп, 1945 жылдан бері сақталып келген +37,4°C рекорды жаңарды;
  • 18 шілдеде +40°C тіркеліп, 1997 жылғы +39,7°C рекордынан асты;
  • 20 шілдеде ауа температурасы +41,5°C-қа жетіп, 2007 жылғы +39,5°C рекорды жаңарды.

Шымкентте (Түркістан облысы) дәл осы кезеңде, яғни 16-20 шілде аралығында бұдан да ыстық болды. Ауа температурасы тиісінше +41,3°C, +43,1°C, +45°C және +45,2°C-қа дейін көтерілді. Бұл 1915 жылғы рекордтардан (16-17 шілдеде +41,1°C және +40,1°C) және 2019 жылғы көрсеткіштерден (19-20 шілдеде +40,2°C және +40,7°C) жоғары.

Ал Астанада 14 шілдеде ауа температурасы +38,6°C-қа жетіп, 1992 жылғы +35,3°C рекорды жаңарды.

Көпжылдық температуралық рекордтар елдің шығысында да тіркелді:

2 шілдеде Өскеменде +34,4°C тіркелді. Бұл 1969 жылғы +33,9°C рекордтан жоғары;

16 шілдеде ең жоғары температура +39,7°C-қа жетіп, 1969 жылғы +37,2°C рекорды жаңарды.

Қызылорда мен Түркістанда +45...+47°C ыстық болды:

17 шілдеде Қызылордада +45,2°C тіркеліп, 2015 жылғы +43,6°C рекорды жаңарды;

18 шілдеде Түркістанда ауа температурасы +47,6°C-қа жетті. Бұл 2019 жылғы +43,7°C рекордтан жоғары.

Астанадағы ең жоғары ауа температурасы 23 маусымда тіркеліп, +36,8°C болды. Ең төмен ауа температурасы 3 шілдеге қараған түні тіркеліп, +23,1°C-ты құрады. Бір айда 56 мм жауын-шашын түсті, бұл нормадан аз. Айлық норма – 65 мм. Алайда 22 шілдеде 21 мм қатты жаңбыр жауды.

Жауын-шашын рекордтары

«Қазгидромет» мәліметінше, жауын-шашын мөлшері негізінен климаттық норма шамасында немесе одан аз болған. Алайда республиканың оңтүстік-батыс бөлігінде, сондай-ақ солтүстік-батыс, солтүстік, орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлердің жекелеген аудандарында жауын-шашын нормадан 1,3-4 есе көп түсті. Ал Түркістан облысындағы Жетісай метеостанциясында айлық норма 1 мм болғанына қарамастан, жауын-шашын мөлшері нормадан 15 есе асып кеткен.

Қазақстанның әр өңірінде түскен атмосфералық жауын-шашын мөлшері бойынша да рекордтар тіркелді.

Метеорологтардың мәліметінше:

  • 4 шілдеде Жамбыл облысындағы Тараз метеостанциясында 22 мм қатты жаңбыр жауды. Айлық норма – 18 мм;
  • 6 шілдеде Қарағанды облысындағы Сарышаған метеостанциясында 20 мм жауын-шашын түсті. Норма – 14 мм;
  • 8 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау метеостанциясында 28 мм қатты жаңбыр жауды. Айлық норма – 23 мм;
  • 9-10 шілдеде Атырау облысындағы Махамбет метеостанциясында тиісінше 19 және 22 мм жауын-шашын түсті. Айлық норма – 16 мм.
  • 20 шілдеде Қостанай облысындағы Пресногорьковка метеостанциясында өте қатты жаңбыр жауып, 70 мм жауын-шашын түсті. Норма – 59 мм.

2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстанда 71 жыл бұрынғы температуралық рекордтың жаңарғаны белгілі болды. Ал 17 шілдеде Алматыдағы аптап ыстықтың 50 жыл бойы сақталған рекордты жаңартқан.

Наверх