45 жетісулық азамат мемлекеттік наградаларға ие болды

23 Қазан 2022, 16:50
1269
Бөлісу:
45 жетісулық азамат мемлекеттік наградаларға ие болды

Талдықорған қаласының Б.Римова атындағы драма театрында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мерекелік жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолынан қырық жетісулық азамат мемлекеттік наградалар мен ел және облыс деңгейіндегі құрметті атақтар алды. Олардың қатарында көрнекті композитор, еңбек ардагері Мұратхан Егінбаев, белгілі айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов, ғарышкер, Халық қаҺарманы Айдын Айымбетов және басқа да азаматтар бар. Республика күніне орай Астанада және Талдықорғанда жалпы саны 45 азамат марапатқа ие болды.

Жиналған жұртшылықты құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев мерекелік күнтізбеге қайта қосылған Республика күнінің ел тәуелсіздігі тарихындағы маңызына тоқталды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің басты мерекесі ретінде Республика күнін қайта қалпына келтіруді ұсынған болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. «Егемендік туралы» декларация қабылданған  1990 жылғы 25 қазанда тәуелсіздігіміздің алғышарты жасалды, бетке алар бағытымыз айқындалды. Бұл күн біз үшін сонысымен құнды. Қазақстан – біздің өмір сүріп отырған ортақ Отанымыз. Сондықтан оның тағдыры, бүгіні мен болашағы елдің әрбір азаматына тікелей қатысты, - деді Б.Исабаев. 

Облыс әкімі өз сөзінде әділеттілік принципін ұстанған жаңа Қазақстанның алғашқы қадамы мемлекеттік басқару жүйесіндегі, қоғамдық-саяси құрылымдағы түбегейлі өзгерістерден басталып отырғанына тоқталды. 

Бұл туралы күні кеше облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жұртшылықпен кездесуінде атап өтті. Жетісу облысын дамытудың маңызды басым бағыттарын айқындап, нақты тапсырмалар берді. Жаңа облысымызға бұдан былай да қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта бүкіл ел болып, береке-бірлігімізді танытып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, болашағымыздың бекем болуына біркісідей атсалыса береміз деп сенемін. Республика күні мерекесі құтты болсын! Елімізге тыныштық, халқымызға бақ-береке, әр шаңыраққа толайым табыс, игілікті ғұмыр тілеймін! – деді өз құттықтауында Бейбіт Исабаев. 

Мұнан соң облыс әкімі өңірдің дамуына зор үлес қосқан бірқатар жетісулық азаматты «Құрмет», «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапаттап, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Жетісудың Құрметті азаматы» атақтарын берді. Марапат алғандардың арасында «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлмира Смағұлова, Алакөл ауданындағы «Ер-Асыл» шаруа қожалығының төрағасы Ерік Жуанышбаев, белгілі композитор, Халықаралық және Қазақстан композиторлар одақтарының мүшесіМұратхан Егінбаев, «Талдықорған Көркейту» ЖШС көгалдандыру шебері Мұхтар Әйтібаев, «Koksu S&M Company» ЖШС жұмысшысы Ербол Тоқтағұлов, белгілі айтыскер ақын, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов, ескелділік кәсіпкер Оксана Власенко, «Зекет» қайырымдылық қорының өкілі Қанат Егізов, Сарқан аудандық орталық ауруханасының медбикесі Надежда Михаилова, Кербұлақ ауданындағы Ж.Тобаяқов атындағы орта мектептің мұғалімі Жәмилә Шойымбекова және басқа да тұрғындар бар. 

Сол сияқты алты азаматқа «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Атап айтқанда, еңбек ардагері, ҚСРО «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерінің, сол сияқты Қазақстанның «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Асылмұрат Тұрғанбеков, Қазақстан Республикасының ғарышкері, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері, меценат Тасқын Жапарқұл, еңбек ардагері, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Анатолий Александрович Рудер, Грек-рим күресі федерациясының құрметті президенті, «Барыс» орденінің үш бірдей дәрежесінің иегері, меценат Сауат Мыңбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Жомартқали Жексенбинов алғашқылардың бірі болып «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атанды.

 Еңбек ардагері Асылмұрат Тұрғанбеков құттықтау сөзінде «Егемендік туралы декларация» қабылданған күнді жылы ықыласпен есіне алды:

Мен сол тарихи күннің куәгерімін, декларацияны қабылдаған адамдардың бірімін. Ол кезде облыстан сайланған депутат ретінде осы құжаттың қабылдануына дауыс беріп, оқиғаның ішінде болдым. Бүгінгі мерекенің маңызы зор, тәуелсіздіктің таңы атқан күн. Еліміз аман болып, еңбектерің жана берсін, - деді ардагер көпшілікке. 

Мұнан соң «Құрмет» орденін алған Ескелді ауданындағы «Черкашина» шаруа қожалығының жетекшісі Зинаида Черкашина да өз лебізін жеткізді. 

Ескелді ауданы – аграрлы аймақ. Осы өңірде екі мәрте Социалистік Еңбек ері Нұрмолда Алдабергенов пен басқа да 19 Еңбек Ері шыққан. Біз сол ерлердің жолын лайықты жалғастырып келеміз. Біздің шаруа қожалығы 1995 жылы құрылды. Содан бері егін және мал шаруашылығымен айналысып келеміз. 1 гектардан орта есеппен 30 центнерден арпа алдық. Мемлекет басшысының аграрлық саланы дамыту туралы тапсырмасын орындауға белсене атсалысамыз. Бүгінгі марапат тек менікі ғана емес, жерлестеріммен бірге жасаған жұмысымыздың ортақ нәтижесі деп білемін, - деді З.Черкашина. 

Сол сияқты Жетісу облысының Құрметті азаматы Жомартқали Жексенбинов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтақын Бұлғақов та көпшілікке мерекелік тілегін арнады. 

Салтанатты жиында облыстағы өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. 

Өзгелердің жаңалығы