45 мыңнан астам азамат Павлодардағы зиянды өндірістерде еңбек етеді

3 Наурыз 2021, 23:16
1675
Бөлісу:
45 мыңнан астам азамат Павлодардағы зиянды өндірістерде еңбек етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Зиянды өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтар көрсеткіші бойынша Павлодар өңірі республикада көшбасшы облыстардың бірі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде сөйлеген облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов өндірістік жарақаттану жайында ақпарат жеткізді.

2020 жылы облыс кәсіпорындарыда 112 адам зардап шеккен 117 жазатайым оқиға орын алды. Салдарынан 60 адам ауыр жарақат алса, алты адам көз жұмды. Келеңсіз оқиғалардың басым бөлігі зардап шегушілердің өрескел абайсыздығы, өндірістік жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмау мен еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзулардан туындайды, – дейді Асқар Қапанов.

Асқар Қапанов атап өткендей, облыста 45 746 жұмыскер зиянды өндірістерде еңбек етеді. 

Жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында арнайы Жол картасы қабылданып, соған қатысты 2020 жылы жарақаттанудың өсіміне жол берген 10 кәсіпорынмен еңбек қауіпсіздігін күшейту жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ 107 зауыт еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандартын қабылдады. Алты өндіріс орнында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Ол бойынша өндірістік жарақат алған жұмыскерлер еңбек қауіпсіздігін өздігінен бақылайтын болады. 

Өзгелердің жаңалығы