Қарағандыда көпқабатты 440 үйдің шатыры мен қасбеті жөнделеді

7 Шілде 2020, 12:55
2111
Бөлісу:
Қарағандыда көпқабатты 440 үйдің шатыры мен қасбеті жөнделеді
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес қалалар мен кенттерге біріңғай сәулеттік реңк беру мақсатында Қарағанды облысында көптеген тұрғын үйлердің қасбеті мен шатыры жөнделіп, жаңартылады. Бұл үшін бюджеттен жалпы соммасы 76 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 8 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың біршамасының шатыры мен қасбеттері тозып, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға аймақтың кенттері мен қалаларындағы жаңартуды қажет ететін 440 үй қайта қалпына келтіріледі.

Биылғы жылы "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес қалалар мен кенттерге біріңғай сәулеттік реңк беру мақсатында тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырларын жөндеу қолға алынды. Жоба аясында тұрғын үйлердің тек алдыңғы қасбеті ғана емес, барлық сыртқы қабырғалары жөнделіп, боялады. Сонымен қатар, шатырлары да жаңартылып, біркелкі түсті болады. Жөндеу жұмыстарына қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Яғни тұрғындар несие алып, қарыз өтемейді, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

IMG_20200703_114152.jpg

Басқарма басшысының сөзінше, биылғы жылы республикалық "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында көпқабатты үйлерді жөндеуге қосымша қаржы қарастырылып, жаңарту жұмыстары өңірдің елдімекендерінде қарқынды жүргізілмек.

Негізі 2020 жылы 82 үйді жөндеу жоспарланған болатын. Оның ішінде Қарағанды қаласында 26 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жасалу үшін жыл басында бюджеттен 800 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Сәтбаев, Балқаш және Шахтинск қалаларындағы 58 көпқабатты үйдің қасбеті мен шатырын жөндеуге 114 млн теңге қарастырылған болатын. Дегенмен, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында қосымша қаржы бөлініп, 2020 жылы облыс бойынша 440 үй жөнделетін болды. Қосымша қаржы есебінен Қарағандыда 186, Теміртауда 95, Жезқазғанда 58, Балқашта 4, Приозерскте 4, Бұқар Жырау ауданында 6, Шет ауданында 3, Шахтинск қаласында 2 үй жөнделетін болады. Тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеуге 76 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында 1200 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта конкурстық шаралар аяқталып, келісімшарттарға қол қойылуда. Кейбір жерлерде жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Қазан айының соңына дейін барлық жұмыстары аяқтауды көздеп отырмыз, - дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні Қарағандының басты көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары басталып та кеткен. Қаланың Нүркен Әбдіров, Бұқар Жырау, Нұрсұлтан Назарбаев, Магнитогорская сияқты орталық көшелеріндегі үйлердің сыртқы қасбеті, шатыры жаңартылып, ғимараттарға біріңғай реңк берілмек. Басқарма басшысының айтуынша, көпқабатты тұрғын үйдің сыртындағы өрнек, сурет немесе мозаика ұқыптылықпен сақталып, үйлер мен нысандардың бастапқы қалпына нұқсан келмейді.

IMG_20200703_115422.jpg

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы әкімшілігінің мәліметінше, жаңартылатын үйлердің шатыры қою қызыл түсті болмақ. Ал үйдің қасбетін бояуға тек қазақстандық өнім пайдаланылмақ.

Алдымен жөнделетін көпқабатты үйдің техникалық жағдайы зерттеледі. Осылайша жұмыстың ауқымы, жөндеудің ағымдағы немесе күрделі жөндеу болатындығы анықталады. Зерттеу нәтижесі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, зертханалық қорытынды алынады. Көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары алдымен шатырынан басталады. Қасбеті одан кейін жөнделеді, боялады. Үйдің ескі шатыры бірден алынып тасталмайды. Оның тек төртінші бөлігі алынып, егер де ауа-райы өзгеріп, жаңбыр жауатындығы болжанатын болса, тығыз пленкамен жабылады. Ескі шатыр жұмыс орнына жаңа шатыр әкелінгенде бірақ алынып, орнатылатын болады. Осындай негізгі жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қаланың жаңартылатын шатырлары қою қызыл түсті болады. Себебі бұл түс тым кіршең емес және үйдің қасбетінің кез келген түсімен жараса береді. Мұндай шешім қалалық архитекторлармен бірлесе қабылданды. Қасбетке келетін болсақ, үйдің барлық сырты қабырғалары боялады. Бояуларды қазақстандық өндіріс орындарына тапсырыс беріп, алдырамыз. Бұл "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасының бірінші шарты. Біздің аймақтың климатты құбылмалы болғандықтан, бес жылдан кем емес кепілдік берілетін бояуларды қолданамыз. Себебі бояу жаңбырға, боран мен аязға шыдас беруі тиіс. Сондай-ақ, бояу екі қабат жағылады, бұл түстің қанық болуына септігін тиізеді, - дейді Қазыбек би ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Саят Қарамендинов.

Оның айтуынша, бағдарламаның кураторлары жөндеу жұмыстарын қадағалайтын болады. Мысалы, бояудың дұрыс араластырылып, қасбетке жағылу кезіндегі жұмыстарды бақылайды. Егер кепілдік мерзімінде қандай да бір кемшілік анықталса бірден жойылатын болады.

Теміртау қаласында биылғы жылы жүзге тарта тұрғын үйдің сыртқы келбеті жаңартылып, металлургтер қаласының архитектуралық келбеті біріңғай стилде жөнделетін болады.

Қазіргі уақытта қаладағы көптеген нысандарда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Олардың көпшілігі "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасы аясында. Қаланың сәулетіне біріңғай реңк беру мақсатындағы жоба бойынша Теміртау қаласында 95 көпқабатты үй жөнделеді, тұрғын үйлер бірдей түспен боялады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 539 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыстар басталып кетті. Еңбекке 100-ге тарта адам тартылған. Оның жартысы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында жұмысқа тұрды, - дейді Теміртау қаласының әкімінің орынбасары Мирас Құтыбай.

Өзгелердің жаңалығы