Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ер адам суға батып кетті.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 7 шілде күні Балқаш көліндегі Бертіс шығанағында болған. Шомылуға арналмаған әрі тыйым салынған жерде суға түскен 43 жастағы ер адам батып кеткен.
Марқұмның денесі жағалаудан 60 метр қашықтықтан судан шығарылды. Ведомствоның мәліметінше, оқиға болған жерде су түбі күрт тереңдеп, шамамен 2,5 метрге жетеді.
Жыл басынан бері бұл Қарағанды облысында тіркелген судағы сегізінші қайғылы оқиға болды.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды суға түсуге тыйым салынған орындарға бармауға, өз мүмкіндіктерін асыра бағаламауға және балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға шақырады.
Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы оқиғалардың алдын алып, адам өмірін сақтауға көмектеседі.