Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған азаматтардың әлеуметтік төлем алуға байланысты өтініштері тәулік бойы қаралуда.
2020 жылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша https://42500.enbek.kz сайтына 451,6 мың өтініш келіп түсті. Оның ішінде, тек 4 мамырда -11 мыңнан астам өтініш тіркелді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ның мамандары келіп түскен барлық өтініштерді қарап, ТЖ кезеңінде әлеуметтік төлем алуға өтініш беру тәртібі туралы, әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту себептері туралы, бірыңғай жиынтық төлемді қайтару тәртібі туралы және т.б. түсініктемелер береді.
Өтініштердің басым көпшілігі ТЖ кезеңінде табысты жоғалтуына байланысты әлеуметтік төлемді есептеу тәртібіне, сондай-ақ оны тағайындаудан бас тарту себептеріне қатысты. Әрбір өтініш жеке қаралып, азаматтарға өтінімде жіберген қателерді жоюға, сол арқылы әлеуметтік төлемді алуына көмек көрсетіледі.
Айта кетсек, ең жиі кездесетін қателер бұл - азаматтардың ЖСН, сондай-ақ банктік шот нөмірін дұрыс көрсетпеуі.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Үкіметі 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алуға қатысты азаматтардың өтініштерін (арыздарын) қарастыратын 4 мекемені анықтаған болатын. Олар:
1) 42500.enbek.kz сайты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау бойынша барлық мәселелер қарастырылады.
2) 1414 call-орталығы. "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ-ның 1414 call-орталығы жүгінген адамның мәртебесі және әлеуметтік төлемдерді алу құқығы, сондай-ақ төлемді жүзеге асыру туралы ақпарат айқындалады.
3) 1411 call-орталығы, 42500@gfss.kz электронды поштасы. "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ мемлекеттік корпорациясының Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ тікелей жұмыс істейтін call-орталығы. Бұл жерде азаматтарға төлем тағайындау, төлемнің кешіктірілу себептері және төлемді беруден бас тарту туралы ақпарат ұсынылады.
4) 42500@enbek.kz электронды поштасы: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы".
Бұл мекеме азаматтар қате ұсынған банктік шоттың нөмірлері мен ЖСН-ін анықтап, өтініш берушілерге дұрыс деректерді қайта ұсыну үшін хабарлама жібереді.
Азаматтардың түзетілген деректері негізінде оларға 42500 теңгені тағайындау үшін "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-на жібереді.