42 500 теңге. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ – кәсіпкер

21 Сәуір 2020, 18:56
1847
Бөлісу:
42 500 теңге. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ – кәсіпкер

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жұмысы уақытша тоқтаған, табысынан айырылған қызылордалық тұрғындар, кәсіпкерлер 42 500 теңгелік әлеуметтік төлемді алғанына дән риза.

Гауһар Базарбекқызы – жас кәсіпкер, визажист. 23 жаста. Әдемілікке жаны құмар нәзікжандардың бет-әлпетін бояп, макияж жасап келеді. Тіпті, мемлекеттік қолдауды пайдаланып, 500 000 теңгелік грантқа қол жеткізді. Ол қаражатқа өзінің жұмысына қажет құралдарды салып алған. Сапалы қызмет көрсететін визажистке тапсырыс берушілер де көп. Көп болуының себебі де бар, Гауһар қыз-келіншеклерді үйінде бояндыратындықтан қызметі сән салондарынан арзан. Алайда елде төтенше жағдай орнауына байланысты Гауһардың кәсібі тоқтап қалды.

Төтенше жағдайдың талабына сәйкес, той-томалақ, салтанатты кеш және басқа да басқосуларға тыйым салынды. Оған қоса, қыз-келіншектер көшеге де шыға алмайды. Бәрі үйінде. Сондықтан менің кәсібім тоқтайтыны айтпаса да түсінікті. Табыс жоқ, әрі-сәрі күй кешіп тұрғанда үкіметтің әлеуметтік төлем беретіні туралы жаңалық шықты. Өтінім жібердім, көп күттірмей қол жеткіздім. 42 500 теңгеге қатысты түрлі әңгіме болып жатыр, өз басым төлемді үш күннің ішінде оп-опай алдым. Өйткені, біз жеке кәсіпкер болып тіркеліп, салық төлеп, есебімізді ай-май өткізіп отырғандықтан өтінішіміз тез қаралған-ды. Еңбекті серік еткен адам осындай қысылтаяң кезеңде көмекті ұялмай талап ете алады деп ойлаймын. 42 500 теңге күнделікті азық-түлігімізге жетіп жатыр. Сондықтан, Мемлекет басшысына, Үкіметке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. "Аман ердің аты шығады" деген бар еді, бұйырса, сынақтан сабырмен шығып, қалыпты өмірімізге ел-халқымызбен аман-есен жетсек, жақсылықтың, табыстың "есіктері" ашылады деп сенемін, – дейді Гауһар Базарбекқызы.

Әлеуметтік төлемге қол жеткізгендердің қатарында облыс орталығының тұрғыны Мерует Якияева да бар. Ол "Яссауи" серіктестігінде есепші болып еңбек етеді. Төтенше жағдай жарияланғанда ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болды.

Шынымды айтсам, 42 500 теңгені алуда қиындық туған жоқ. Қарап жүрмей, табыссыз қалған таныстарыма әлеуметтік төлемге өтінім берудің жолдарын көрсетіп, көмектестім. Салыстырмалы түрде 42 500 теңге көп ақша емес, бірақ азық-түлік, үйге майда-шүйде керек заттар алуға болады. Мұның өзі үлкен қолдау. Қазір ешқайда шығып жатқан жоқпыз, несиені өтеу де шегерілді, осыны ескерсек, бұл қаржы күнкөріске жеткілікті. Халықты қиындықта қалдырмаған ел азаматтарына рақмет. Халық та бір жұдырықтай жұмылып, бірлігін көрсетсе алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын, – деді Меруерт.

Коронавирус инфекциясын ауыздықтау мақсатында төтенше жағдай енгізілгеннен кейін кәсіпкер Роза Қадылкұрманованың да жұмысы тоқтады. Ол облыс орталығындағы 2 мектептің асханасын тағам өнімдерімен қамтамасыз ететін.

Біздің кәсіп мектеппен байланысты болғасын, жұмыссыз қалдық. Мұның бәрі уақытша. Тынысымыз тарылғандай болып еді, мемлекет демеу берді. 42 500 теңгелік қолдауды – елге деген қамқорлық деп түсінемін, - деді кәсіпкер.

Өзгелердің жаңалығы