42 500 теңге азаматтарды онлайн қызметті үйренуге мәжбүрледі

11 Маусым 2020, 18:38
1765
Бөлісу:
42 500 теңге азаматтарды онлайн қызметті үйренуге мәжбүрледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 42 500 теңге азаматтарды онлайн қызметті үйренуге мәжбүрледі. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" МК басқарушы директоры Мұрат Жұманбай "Желмая" жобасында айтты.

Мұрат Жұманбайдың айтуынша, карантин кезінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып үйреніп қалған азаматтар, онлайн қызмет алуды мәжбүрлі түрде үйренді. 

Амал жоқ қой. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабық. Біздің қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бұл кезде біз жұмыс істемедік деп те айта алмаймыз. ХҚКО жабылғанымен, 2 мыңға жуық қызметкер "1414 нөмірі" бойынша кеңес беретін бірыңғай байланыс орталығына ауысты. Олар электронды үкімет порталы арқылы қызметтерді онлайн алудың оңай жолын түсіндірді. Мыңға жуық қызметкер бейне кеңес беру бойынша жұмыстарды атқарды. Онлайн қызметтер алынып жатты, дайын құжаттар ХҚО-ларға жіберілді, - деді Мұрат Жұманбай. 

Ол атағандай, ХҚКО әрбір қалада құжаттарды беретін бір терезе арқылы жұмыс істеген. 

Бұл жұмыстарды ел бойынша 500-ге жуық қызметкер атқарды. Карантин қатайтылған кезде көп қызметкер "Call-орталықтардың" өзінде емес, үйлеріне орнатылған арнайы стационарлық телефондар арқылы немесе "1414 нөмірі" бекітілген смартфондар арқылы кеңес берді. 24 сағат жұмыс істеді десек, өтірік айтқан боламыз. Бірақ, таңғы 9:00-дан кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Карантин кезінде азаматтарға 15 млн қызмет көрсетілді. Бұл әдеттегіден көп. ХҚКО жабық болды. Ал қызмет алу керек. Еліміздегі қызметтердің 80 пайызы электронды қолжетімді. Соны көбі пайдаланды, - деді ол. 

Жұманбайдың айтуынша, азаматтар 42 500 теңгені рәсімдеу үшін egov порталы немесе telegram-боттардың қызметін үйренді. 

Көп азамат онлайн қызметке мән бермеген болса, бұл жағдайда мәжбүрлі үйренді. Азаматтар арасында цифрлық серпіліс болды. Бұған дейін де цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту жұмыстарын өткіздік. Олардың барлығы азаматтарға онлайн қызмет алуды үйретіп, ХҚО-ға келмеу үшін жасалған болатын. Карантинге дейін халық ХҚКО-ға баруды қалап тұратын. Бұл жерде жалқаулық та, жаңашылдықтан қорқу да бар, мойындау керек, - деді ол. 

Ол атағандай, пандемия тек ХҚКО-ға ғана жаңашылдық әкелген жоқ, белгілі бір тәртіпке бағынуға үйретті.

Онлайн қызметті алып үйренген азаматтар біртіндеп ХҚКО-ға бару қажеттілігінен арылады. Сол кезде келетін адамдардың саны азаяды. Кезек жоқ кезде жағымсыз жағдай да болмайды, - деді Мұрат Жұманбай. 

Оның айтуынша, енді алдын ала бронь жасамасаңыз, халыққа қызмет көрсету орталығына кіре алмайсыз.

Біріншіден, бір уақытта белгілі бір адам тобы ғана орталықта қызмет ала алады. Екіншіден, елімізде 700-ден астам қызмет болса, 107-сі тек қана қағаз түрінде көрсетіледі. Онлайн қызметтің көбі анықтамаларға қатысты. Бұл қызмет қазір ХҚКО-да көрсетілмейді. Ең көп кезек сол жерде болатын. Азаматтар бұл қызметтерді онлайн ала береді, - деді Жұманбай. 

Сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкімет" МК басқарушы директоры халықтың 3 санаты онлайн қызметтерді орталыққа келіп ала алатынын айтты. 

Зейнеткерлер, көпбалалы отбасы мүшелері мен мүгедектер халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, онлайн қызметтерді ала береді. Бұл санаттағы азаматтар үшін арнайы жеңілдік терезелері ашылған. Бірақ, олар да бронь жасайды, - деді ол. 

Оның айтуынша, Қазақстан көрші елдерге қарағанда онлайн қызмет көрсету бойынша бір көш ілгері келеді. 

Мәселен, Эстонияда халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ. Барлығы онлайн. Кей азамат соны бізге үлгі етеді. Бәрібір уақыты мен қаржысын шығындап, ХҚКО-ға баратын адам табылады. Жеке кәсіпкерлікті тіркеу онлайн немесе ХҚКО-ға келу арқылы жүзеге асырылатын. Сол кезде орталыққа келетін қызметке көбі жүгінді. Кейін ол толық онлайнға көшті. Кәсіпкерлер көбеймесе, азайған жоқ. Оның ешқандай қиындығы жоғын халық түсінді, - деді Жұманбай. 

"Азаматтарға арналған үкімет" МК басқарушы директоры ауылдардағы интернетке қатысты проблемалар карантинге дейін де болғанын айтты.

Бізде мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы деген 70-ке жуық автокөлігіміз бар. Олар кесте бойынша ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындардың жасалуы керек қызметіне қатысты мәліметтерді жинап алып, екінші рет барған кезде нәтижесін апарып береді. Интернеті, байланысы жоқ ауылдармен жұмыс солай жүргізіліп жатыр. Көп ауылдарда интернет бар. Сол ауылдардың әкімдіктерінде egov бұрыштары ашылды. Әкімдіктің бір қызметкері арнайы оқытылды. Ол ауыл тұрғындарына тиісті онлайн қызметтерді алып береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы