Қазақстанның соңғы жаңалықтары

4,1 млн киік – қауіп пе, әлде экожүйе жетістігі ме?

Олжас АДАЙ
17 Сәуір 2025, 14:52
1900
Бөлісу:
 BAQ.KZ  ЖИ
Фото: BAQ.KZ ЖИ

Қазақстандағы киіктер саны 4,1 миллионға жетті. Министрлік олардың көбею қарқынына байланысты шектеу мәселесін қайта қарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

BAQ.KZ редакциясы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне киіктердің санын реттеуге қатысты арнайы сауал жолдады.

2024 жылғы төлдерді қоса алғанда, еліміздегі киіктердің жалпы саны шамамен 4,1 миллионға жеткен. Министрліктің мәліметінше, киіктер жылына шамамен 40-45 пайызға көбейіп отыр. Бұл көрсеткіш төлдердің сақталуын да ескергенде айтарлықтай жоғары динамиканы көрсетеді.

Қазіргі таңда Зоология институты 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. Зерттеу мақсаты – киік популяциясын тиімді реттеу, көші-қон дәліздерін анықтау, эпизоотиялық қауіптерді бағалау және олардың шекті санын белгілеу.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктерді шектеу мәселесін терең ғылыми зерттеулерге сүйене отырып қайта зерделеуде. Киіктердің табиғи ареалы, ауыл шаруашылығына әсері жан-жақты бағаланып жатыр. Аймақтық ерекшеліктер ескеріліп, сараланған тәсіл ұсынылады. Бұл бағытта қоғамдық тыңдаулар, фермерлер мен ғалымдардың пікірі назарға алынып, ғылыми институттармен бірлескен жұмыс күшейтілуде, - делінген ведомстов жауабында.

Ұсынылған негізгі шаралар:

• Киіктердің қозғалысын GPS арқылы бақылау жүйесін жетілдіру;
• Заңсыз аулауға қарсы қатаң бақылау орнату;
• Құқықтық тетіктерді жаңарту;
• Киік санын шектеу емес, табиғи тепе-теңдікті сақтау арқылы үйлесімді шешім ұсыну.

Еске сала кетейік, Қазақстанда киік етін тағам ретінде тұтынуға рұқсат етілгені, алайда арнайы шектеулер бар екені туралы осыған дейін жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы