Павлодар облысында 40 шаруа қожалығын біріктірген кешен екі лицензиясынан айырылуы мүмкін

5 Ақпан 2019, 08:57
2534
Бөлісу:
Павлодар облысында 40 шаруа қожалығын біріктірген кешен екі лицензиясынан айырылуы мүмкін

Фото: автор

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің 40 шаруа қожалығының жиған-тергені сақталған Қалқаман элеваторы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Жуырда кешеннің иесі «Ертіс-Агро» ауылшаруашылық кооперативінің атына сотқа шағым түсіп, өзге жекеменшік компания элеватор аумағындағы теміржолға иелік етуге құқылы екенін дәлелдеген.

Мамандардың айтуынша, кешен теміржолсыз жұмысын жүргізе алмайды. Қазіргі таңда астық кешенінде 20 мың тоннаға жуық сары алтын сақтаулы. Оның 7 мың тоннасы – мемлекеттік қордың астығы.

Қалқаман элеваторының жұмысына қарап қалған шаруалардың қатарында Қайрат Құсайынов бар. 36 жасар фермер астық сатылып кетпесе, егіс науқанына тұқым сатып ала алмаймын деп алаңдаулы. Еңбеккер астықты Ертіс ауданында жеке шаруашылығына басшылық етуде.

«Былтырғы күзгі жиын-терімнен алған 500 тонна бидайды осы элеваторға тапсырдық. Өнім сатылмаса, тұқым сата алмаймыз. Оған қосы қаржылық міндеттемелерім бар», - дейді шаруа.

«Ертіс-Агро» ауылшаруашылық кооперативінің басқарма төрағасы Ерлан Тоқтұшақовтың айтуынша, Қалқаман элеваторы екі жыл бұрын сатып алынған.

«Кешеннің жұмысын жандандыру үшін қомақты қаржы құйып, элеватордың заңды иесі атандық. Дегенмен, «Центр транспортного сервиса» АҚ элеваторды сатып алу келісімшартының заңды күші жоқ деген желеумен, сотқа шағым түсірді. Енді жекеменшік компания элеватордың аумағындағы теміржолды тартып алмақ. Біз Павлодар облыстық ауданаралық экономикалық сотта жеңіліс таптық. Енді лицензиямыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Бірінші инстанциядағы сот органына апелляциялық шағым түсірмекпіз», - дейді Ерлан Тоқтұшақов.

Айта кетейік, қолданыстағы «Астық туралы» Заң мен «Азаматтық кодекске» сәйкес элеватордың мүлігі бөлінбейді. Десе де, соттың шешімі екінші тараптың пайдасына тиесілі.

Бүгінде Павлодар облысында кептірілетін және экспортталатын астықтың 25%-ы Қалқаман элеваторында тасымалданып, осы жерден тиеледі. Кешеннің аумағы 11 гектарды құрайды, бұл жер элеватордың иелігінде. Ал 3,5 шақырымдық теміржол өзгенің мүлкі болып шықты.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, теміржол өзгенің қолына өтсе, астықты басқа көлік тасымалдайды. Жол шығыны салдарынан нан қымбаттап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінде күрделі мәселелер туындауы ықтимал. Темір жолдары қызметін атқаруды жалғастырса, әр вагонға деген тариф 4-8 мың теңгені құрамақ. Бұл соманы шаруалардың қалтасы көтере алмайтыны анық.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты тұқым және астық инспекциясының жетекшісі Сәбит Қаратаевтың айтуынша, кешен бұған дейін бірнеше рет сатылды.

«Кәсіпорынның маманданған зертханасы мен білікті мамандары бар. Бұған дейін жұмысында кідіріс болған жоқ. ҚР «Астық туралы» Заңының 37-бабы бойынша нан қабылдау кешенінің мүлкі бөлінбеуі тиіс», - дейді Сәбит Қаратаев.

Еске салсақ, Павлодар облысында 7 элеватор жұмыс істеп тұр. Қалқаман элеваторы 1964 жылы құрылған. 2000 жылдардың басына дейін тұралап қалған.

Ақмаржан Әділбек

Өзгелердің жаңалығы