4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

5 Қазан 2023, 09:02
2447
Бөлісу:
4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін - Мұғалімдер күні. Ұлағатты ұстаз деген ұлы есімді абыроймен арқалап мұғалімдерміз аз емес. Солардың бірі - Астана қаласындағы №51 мектептің орыс тілі және әдебиеті мұғалімі Баймағамбетова Сәния Айтжанқызы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сәния Баймағамбетованың білім саласындағы еңбек өтілі шамамен 32 жыл. Қазір жасы 54-те.

1993 жылы Талдықорған педагогикалық институтын (қазіргі Жансүгіров атындағы Жетісу университеті – ред.) Филология факультеті бойынша бітірген. Институтты бітірген соң ұстаздық жолын Талдықорғандағы №21 мектептен бастаған. Осы білім ордасында 2 жылдай мұғалім болып, кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Бұл қызметте де ұстаз 2-3 жылдай болған. Кейін 1997 жылы Астанаға көшіп келген.

1998 жылы елордадағы №10 мектепке жұмысқа орналастым. Ол жерде 17 жылдай жұмыс істеп, шаршағандықтан үзіліс алып, бизнеспен айналыса бастадым. Бірақ әр адамда миссиясы, таңдаған жолы болады. Менің миссиям – ол ұстаз болу екенін түсіндім. Осылайша, қайтадан мектепке оралдым. Алайда бұл жолы №51 мектепке келдім. Қазіргі күнге дейін осы білім ордасында балаларға білім мен тәрбие беріп келемін.

1993 жылы мектепке кіргенінде алған ең алғашқы жалақысы 4 000 теңге болған.

Сәния Айтжанқызы №51 мектепте 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

Бала арман

Кішкентай кезімде мұғалім болып ойнағанды жақсы көрдім. Жоғары сыныпқа өткенде әртүрлі ойындар ұйымдастыра бастадық. Бірақ мұғалім боламын, балалармен жұмыс істеймін деп ойламаған едім. Өзіме заңгер мамандығы ұнайтын. Не себепті екенін білмеймін, мектеп бітіргенде осы мамандыққа түспей, мұғалім мамандығын таңдадым. Диплом алғаннан кейін мектепке келдім. Бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін мектепте жұмыс істеу маған арналғанын түсіндім. Әсіресе, балалармен жұмыс істеу ұнайды. Біздің міндетіміз – балаларды оқытып қана қоймай, сонымен бірге оларға тәрбие беру, өмірде өз орындарын табуға көмектесу, - деді ұстаз.

Тәжірибелі ұстаз балаларға өмірде табысты болудың жолын үйрететінін жеткізді. Ол жақында ғана өткен Қарттар күнінде оқушыларымен бірге қарт кісілерге тәттілер сыйлап, жылы лебіздерін білдіргенін айтты.

Бұрын бітіріп кеткен оқушыларыммен де байланысып тұрамыз. Араларында жасы қазір 40-тан асқандары да бар. Олармен де бірлесіп, қайырылымдылық іс-шараларын ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, көмекке мұқтаж адамдарға қолымыздан келген көмекті аямаймыз, - деп айтты ол.

Сәния Айтжанқызы оқушыларын мақтанышпен еске алып, қазір олар түрлі салада еңбек етіп жүргенін айтты. Кейбірі елшіліктерде істесе, тағы бірі прокуратурада, енді бірі ғылым докторы.

Әр мұғалім оқушыларының табысты болғанын қалайды емес пе?! Қазір балаларға білім маңызды екенін, бірақ одан бұрын адамгершілік, жанашырлық қасиеттері одан да қажет дүние екенін айтып отырамын, - деді білім саласының жанашыры.

Ол білім саласына енгізіліп жатқан реформалардың 80%-ын қолдайтынын айтты. Бірақ өзгеріс көп енгізілген сайын мұғалімдер де, балалар да шаршайтынын айтты.

4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

Қазіргі балалар жалқау емес пе?

Балалардың сабақты қызығып оқуы үшін түрлі тапсырмалар береміз. Тапсырмаға жақсы жауап беріп жатса, 9-10 деген балл қоямыз. Балаларды осылайша ынталандыра аламыз. Мен орыс тілі мен орыс әдебиетінен беретіндіктен кейде маған «бізге олардың керегі жоқ, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін оқысын» деп айтып жатады. Бірақ орыс классиктері жайлы да білген дұрыс деп есептеймін. Мысалы, балалар болашақта шетелге шығып, бірақ ағылшын тілін білмей, ең болмаса орысша білсе, ойын түсіндіруге тырысады, - дейді Сәния Айтжанқызы.

Мұғалім қазір заман өзгергенін айтты.

Біздің кезімізде кір, ыдыс жуатын машина, шаңтартқыш, ештеңе болмады. Біз мектептен келген соң, үй жинап, тамақ дайындап, үй тірлігінің бәріне араласатынбыз. Қазіргі балалар мұндай жұмыстарды істемейді. Барлығы автоматтандырылған. Балаларыма кейде жалқаусыңдар деп айтамын, - дейді мұғалім.

4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

Ол оқушыларына «табысты, білімді болу» керегін үнемі естеріне салып отырады.

Мұғалім болу қиын ба?

Сәния Айтжанқызының анасы мұғалім болған. Ол қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Бірақ өз балалары ұстаздық жолды таңдамай, басқа салада еңбек етіп жүр. Бірі инженер-технолог болса, енді бірі химик-технолог.

Балаларым жұмысымыздың күрделі екенін көріп өсті. Жұмыс режиміміз тұрақты емес. Таңертең келеміз, кейде түсте кетеміз, кейде тіпті кешке дейін жүре береміз, кейде үйде де жұмыс істейміз. Соған қарап балаларым мұғалім мамандығына бармаған шығар, - деп айтты педагог, - деп айтты маман.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы мұғалімдердің жағдайы жақсарғанын атап өтті.

Өзгерістер көп болды. Бұрын көп қағаз толтыратынбыз. Енді қазір тек негізгі жұмыстарды істеп, тиісті есепті ғана тапсырамыз. Бұрын үй аралап, балаларды есепке алып жүретініміз есімде. Осындай пайдасыз жұмыстарды істейтінбіз. Сайлау болғанда да мұғалімдерді анда-мұнда жібере беретін. Қазір мұндай жұмыстарға уақытымызды құртпаймыз. Жалақымыз да айтарлықтар көтерілді. Бұл да мұғалімдерге берілген мотивация, - деп айтты Сәния Айтжанқызы.

Ол қазір педагог мамандығын таңдап, оқуға түсіп жатқан озат балалар көп екенін мақтанышпен айтты.

4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

Әр бала – жеке тұлға

Қазір ата-аналардың жұмысбасты екенін бәріміз білеміз. Ата-ана өз міндетін ойдағыдай атқарып, балаға дұрыс тәрбие беру керек. Яғни балаға қалай киіну керек, оны қалай күтіп-ұстау қажет, бәрін үйретіп отырған дұрыс. Балалармен бірге театрға, кинотеатрға бару қажет. Қазіргі жастар не істейді? Бәрінің қолында телефон. Біз бұрын балаларымызбен бірге теледидар көретінбіз. Қазір жастардың үйіне барсаң, тіпті үйлерінде теледидар да жоқ. Не жаңалық көрмейді, не пайдалы хабарлар қарамайды, - деді мұғалім.

Тәжірибелі ұстаз әлеуметтік желіде біреудің өміріне қараудың пайдасы жоқ екеніне назар аударды.

Отбасында ең алдымен тәрбие болуы керек. Мұғалім де балалардың барлығын назарында ұстауы қажет. Жаман бала болмайды. Сыныптағы әр бала – жеке тұлға. Әр баланың өз ерекшелігі болады. Ал мұғалім әр баланың тілін тауып, тіл табыса алуы керек. Барлық баланың өзінің потенциалы болады. Егер ата-ана, мұғалім және мектеп оған көмектессе, баланың болашағы жарқын болады.

Сәния Айтжанқызы балалармен бірге сенбіліктерге қатысып, сыныпты тазалайтынын айтты. Оның ойынша, баланы еңбек арқылы да тәрбиелеу қажет.

4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

Баланы қалай тәрбиелеу керек?

Әр балаға үлгі бола білген жөн. Мысалы, қоғамдық көлікте үлкен кісілерге орын беріп, сыйластығын көрсетуге болады. Бұрын қарттар үйінде қазақтар болмайтын. Қазір қазақ қариялар көбейіп кетті, - деп күрсінді ол.

Педагог баланы материалдық жағынан толығымен қамтамасыз етпеу керегін айтады. Бала да өз бетімен жұмыс істеп, ақша таба алуы қажет.

Балаға қалай тамақтану қажет, тіпті мектепте баспалдақтан қалай түсу керек – осының бәрін үйретеміз. Кейде ата-аналарды балалармен бірге жинап, саябаққа демалысқа, сенбілікке шығып тұрамыз. Ата-аналар жинап жатқанда, әрине балалары қарап тұрмайды. Міне, осының бәрі тәрбие. Тағы бір мәселе бар. Ата-аналар балалары темекі, арақ зиян екенін айтады. Бірақ өздері темекі шешіп, арақ ішіп отырса, баласы да тура соны қайталайды. Бала «зиянды болса, неге ішеді, неге темекі шегеді?» деп ойлайды емес пе? – деп айтты ұстаз.

Сәния Айтжанқызы қазіргі заманда ата-аналар балаларына айналасындағыларға жанашыр, мейірімді болуы керегін айтып, түсіндіріп отыруы керек деп есептейді.

Директорларды ротациялау дұрыс па?

Бұл дұрыс жұмыс. Қолдаймын. Мысалы, кей мектепте директорлар 15-20 жылдан отыр. Үйреніп алғандары соншалық, жұмысты орынбасарына тапсырып жүреді. Ал ротацияға ілінген директор жаңа ұжымға келіп, өзін көрсетеді, жұмысын көрсетеді, - деді мұғалім.

Ол 30 жылдық тәжірибесінде директор лауазымына дейін көтерілмеген.

Мен өзім директор болғым келмеді. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым, педагог-ұйымдастырушы болдым. Бұрын директорға «лауазым керек емес, маған жоғары жалақы керек» деп айтатынмын. Тапқан табысыммен үш баламды оқыттым. Директордың жұмысы оңай емес, тіпті кейде үйді көрмей кетесің. Ал мұғалім мектепке келеді, өзінің сабағын өткізеді. Ал директор мектептің жұмысына толығымен жауапты болады, - деп түсіндірді Сәния Айтжанқызы сұқбат кезінде.

4 мың теңге жалақы, жауапты жұмыс: Тәжірибелі ұстаз мұғалім мамандығы жайлы

Заманауи мұғалімдер қандай болуы керек?

Мұғалімдер шығармашылық, көңілді болуы керек. Балалармен тіл табыса алатын қабілеттері де болғаны абзал. Себебі әр баланың мінез-құлқы әртүрлі, - деді ол.

Ұстаз атап өткендей, қазір барлық мұғалім заманауи платформаларды меңгеріп алған. Педагог те білімін үнемі жетілдіріп отырғаны дұрыс.

Сәния Айтжанқызы бұрынғы оқушылары ұмытпай, Мұғалімдер күнімен құттықтап тұратынын қуана айтты.

BAQ.KZ редакциясы Қазақстан ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің болашағы – жастарға тәрбие мен білім беруде атқарып келе жатқан қажырды еңбектеріне алғыс білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы