4 қызметкер сопайып отырмыз. Тұрсын Жұртбай Көшербаевқа өтініш жасады

15 Қазан 2021, 14:49
9490
Бөлісу:
4 қызметкер сопайып отырмыз. Тұрсын Жұртбай Көшербаевқа өтініш жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай өзінің 70 жылдық мерейтойына арналған «Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы» ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Осыдан 20 жыл бұрын бейресми бастығым Иманғали Тасмағамбетов түн ортасында шырт ұйқыдан оятып алып «шал, өкшеңді көтер, астананы ғылыми тұрғыдан қасиеттендіретін сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құру туралы 3 ай мерзімде Қаулыны дайындап маған әкеліп бер. Күзде аш» деді. Мен бір айда 43 мекеменің қолын қойдырдым. Ол қандай азап екенін білесіз ғой, бір мекеме үшін бір ай жүруге болады. Таңғалды. Шілденің 6-сы сол кездегі Премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, - деді Тұрсын Жұртбай.

Өкініштісі құрылысына 4,5 млрд теңге бөлінген ғылыми орталықтың ғимараты салынбай қалған.

Содан бастап Отырар кітапханасына ғылыми орталық басшылығынан бір көлеңкелі бұлт үйірілді де тұрды. Ал біз жанталасумен болдық. 2004 жылы академик Марғұланның кітап қорының келуімен орталық толық қалыптасып болды. Сол екпінмен 110-нан астам ежелгі қолжазба мен сирек кітап баспадан жарық көрді. Ең өкініштісі 2004-2006 жылдары салынып бітуі тиіс, құрылысына 4,5 млрд теңге бөлінген ғылыми орталықтың ғимараты салынбай қалды. Мені қол қою құқығынан айырғандықтан, шарасыз қалдым. Кейін қолды болған сол қаражатты орнына салғаны туралы баспасөзде жаңалық шықты, - деді ол.

Тұрсын Жұртбай 2011 жылы Бақытжан Әбдірайымов кітапхананы қорымен қоса бөліп тастағанын айтты.

Шындығын айтқанда, 10 жыл бойы Ерлан Бәтташұлының қолдауымен ғана өмір сүріп келеді. Ертеңгі күні не болады? Осы мені қатты алаңдатады. Дәл қазір ешқандай қоры жоқ төрт қызметкер сопайып басқа ғимаратта отырмыз. Құрметті Қырымбек Елеуұлы, сіздер күнде келе бермейсіздер. Сондықтан осы сәтті пайдаланып айтып қалайын, - деді ол.

Осы орайда профессор Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа өтініш жасады.

Өтінішім, 2001 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Үкімет қаулысы орындалса, ғылыми орталық дербес ғылыми мекеме ретінде қаржыландырылып, штат бөлінсе, сондай-ақ оның мақсат-міндеті қайтадан қаралса екен. Соған ықпал етсеңіз екен деп өтініш етемін. Арнайы хатты кейінірек жіберемін, - деді Тұрсын Жұртбай.

Айта кетейік, конференцияға Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.



Өзгелердің жаңалығы