4% автонесие: Сарапшы бағдарламаның неге жұмыс істемей тұрғанын айтты

Сарапшының айтуынша, мемлекеттік қолдау бағдарламасының тоқтауы автопарктің жаңару қарқынына кері әсер етіп отыр.

 istockphoto.com 25 Шілде 2026, 17:30
25 Шілде 2026, 17:30
33
Фото: istockphoto.com

Автосарапшы Алексей Алексеев Қазақстандағы 4 пайыздық автонесие бағдарламасы іс жүзінде тоқтағанын, ал автолизингтің халықаралық тәжірибедегі тиімді құралға емес, қымбат несиеге айналғанын айтты. Оның пікірінше, жаңа көліктердің қолжетімділігі төмендеген сайын елдегі автопарктың қартаюы жол қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда бірнеше жыл бұрын іске қосылған 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы мыңдаған азаматқа отандық көлік сатып алуға мүмкіндік берген еді. Алайда бүгінде бұл тетік бұрынғыдай жұмыс істемейді. Ресми түрде бағдарлама жабылғанымен, қайтарылған қаражат есебінен жекелеген несиелер ғана беріліп жатыр.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, бүгінде осы бағдарлама арқылы көлік алып жатқан адамдардың саны өте аз.

Бағдарлама бұрыннан бері іс жүзінде тоқтап тұр. Егер несиелер беріліп жатса, ол тек қайтарылған қаражаттың есебінен ғана. Тіпті оның әлі жұмыс істеп тұрғанын естігенім де жоқ. Егер шынымен 200 көлік берілсе, бұл өте аз көрсеткіш, – дейді сарапшы.

Неге тиімді бағдарламаны тоқтатты?

Алексеевтің пікірінше, жеңілдетілген автонесие мемлекет үшін тәуекелі төмен қаржылық өнімдердің бірі болған.

Өйткені автокөлік толық өтелгенге дейін банк кепілдігінде болады. Сондықтан қарыз алушылар мұндай несиені уақытында төлеуге мүдделі.

Автонесие – ең қауіпсіз несиелердің бірі. Көлік кепілде тұрғандықтан, адамдар оны жоғалтпау үшін төлемін уақытында жүргізеді. Сондықтан мұндай бағдарламаны тоқтату түсініксіз, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанда жаңа автомобиль зауыттары іске қосылып, отандық өндіріс көлемі артты. Бірақ соған қарамастан мемлекет жаңа қолдау тетіктерін ұсынған жоқ.

Автолизинг күткен үмітті ақтамады

Жеңілдетілген несиеге балама ретінде енгізілген автолизинг те күткендей нәтиже берген жоқ.

Алексеевтің айтуынша, халықаралық тәжірибеде лизинг – көлікті сатып алудың емес, оны пайдаланудың тиімді тәсілі. Ал Қазақстанда ол қарапайым несиеден де қымбат қаржы құралына айналып кеткен.

46 пайыздық мөлшерлемемен лизинг туралы айту қиын. Бұл – лизинг емес, жай ғана тағы бір қымбат несие, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропада жаңа көліктердің шамамен 40 пайызы лизинг арқылы рәсімделеді.

Мұндай модельде адам көліктің толық құнын емес, бірнеше жылдағы амортизациялық шығынын ғана төлейді. Көлік лизинг компаниясының меншігінде қалады, ал келісім мерзімі аяқталған соң клиент оны қайтарып береді немесе сатып алады.

Бұл жүйе көлікті дұрыс күтіп ұстауға ынталандырады әрі жаңа автомобильді айтарлықтай төмен ай сайынғы төлеммен пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақстанда болса, сарапшының сөзінше, халықаралық тәжірибе толық енгізілмеген.

Бізде лизингті екінші автонесиеге айналдырып жіберді. Сондықтан адамдар оған қызықпайды. Бағдарлама іске қосылған алғашқы айларда бір ғана келісімшарт жасалғаны туралы ақпарат болған, – дейді Алексей Алексеев.

Қазір тиімді ұсыныстарды дилерлердің өздері жасап жатыр

Мемлекеттік бағдарламаның әлсіреуінен кейін нарықтағы бастаманы автодилерлер өз қолына алған.

Қазір көптеген компаниялар 0,1 пайыздық мөлшерлемемен арнайы акциялар ұсынып немесе trade-in бағдарламасы арқылы қосымша жеңілдіктер береді.

Сарапшының пікірінше, бүгінгі жағдайда жаңа көлік алудың ең тиімді жолы – дәл осындай дилерлік ұсыныстарды бақылап отыру.

Сонымен қатар банктердің қарапайым автонесие беру талаптары да соңғы жылдары қатаңдай түскен.

Нарықта бағалар төмендеді

Алексеевтің айтуынша, қазіргі таңда жаңа автомобильдер нарығында айтарлықтай өзгеріс байқалады.

Қытайлық брендтер арасындағы баға бәсекесі күшейіп, соның әсерінен кореялық өндірушілер де бағасын төмендетуге мәжбүр болған.

Бүгінде жаңа көліктер былтырғы жылмен салыстырғанда арзандады. Ал ескі көлік иелері бұрынғыдай жоғары бағамен сатқысы келеді. Соның салдарынан қайталама нарық тоқырауға ұшырап отыр, – дейді сарапшы.

Жеңілдетілген несие жол қауіпсіздігі үшін де маңызды

Сарапшы мемлекеттік қолдау бағдарламасының қайта іске қосылуын қолдайды.

Оның пікірінше, бұл тек автомобиль нарығын дамыту үшін емес, жол қауіпсіздігін арттыру үшін де қажет.

Қазір Қазақстанда шамамен 6 миллион көлік тіркелген. Жыл сайын оған небәрі 200-230 мың жаңа автомобиль ғана қосылады. Бұл автопаркті жылдам жаңартуға жеткіліксіз.

Қазақстандағы автопарк өте баяу жаңарып жатыр. Бізде 30-40 жылдық көлік әлі күнге дейін қалыпты жағдай саналады. Ал жаңа көлік – ең алдымен қауіпсіздік. Сондықтан мемлекет жеңілдетілген автонесие бағдарламасын тұрақты негізде қайта іске қосуы керек, – дейді Алексей Алексеев.

Оның айтуынша, егер халықаралық тәжірибедегі тиімді автолизинг жүйесі де енгізілсе, ол жоғары пайызды несиелерге нақты балама болар еді әрі қазақстандықтардың жаңа көлік алу мүмкіндігін едәуір кеңейтеді.

Наверх