39 әлеуметтік жоба аясында шамамен 400 мың адамға көмек көрсетілді

6 Ақпан 2020, 00:51
1667
Бөлісу:
39 әлеуметтік жоба аясында шамамен 400 мың адамға көмек көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қайырымдылық бағыттағы 39 әлеуметтік маңызды жоба жүзеге асырылып, оның аясында жалпы 390 000-нан астам адам қолдау тапты. Бұл туралы "Samruk-Kazyna Trust" Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында 2019 жылы 4 жоба іске асырылды. "Балаларға өмір сыйла" науқаны аясында ауыр диагнозы бар 258 бала шетелдік клиникаларда ем алды. БМС диагнозы бар 1 560 бала "Қасиетті жол" оңалту орталықтарында тегін оңалтудан өтті. Сонымен қатар, 67 000-нан астам адам медициналық пойыздарда тексеруден өтті. Білім беру және кәсіптік бағдар беру саласында – 13 жоба: инклюзияны дамыту үшін Нұр-Сұлтан қаласында ресурстық кабинет және орталық ашылды. Бұл "ерекше" балаларға білім беруде тең мүмкіндіктер алуға, қоғамдық өмірге қосылуға, әлеуметтенуге көмектеседі. Сондай-ақ 2 қосымша отбасылық аула клубы ашылды, Жаңаөзен қаласының мектептеріне 3 автобус сатып алынды.

Сондай-ақ 600 жасөспірім "Туған елге саяхат" экскурсиялық жобасына қатысқан. Оның ішіндегі 100 қатысушы - шетелде тұратын этникалық қазақтардың балалары және шығармашылық байқаудың жеңімпаздары.

Ал, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы 7 жоба аясында 1 470 ҰОС ардагері мен тыл еңбеккеріне көмек берілген. Жаңаөзендегі "Алға" мүгедектер клубы спорттық тренажерлармен жабдықталды және т.б.

Сонымен қатар 2019 жылы "Әрекет" әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша 290 коммерциялық емес ұйымы өтінімі негізінде 51 КЕҰ-ның 100-ден астам адамы әлеуметтік кәсіпкерлікке оқытудан өткен. Оның ішінде 25 КЕҰ жеңімпаз атанды. Оларға 3 млн теңге көлемде гранттар берілген.

Айта кетейік, 2020 жылы "тарихи" жобаларды - "Медициналық пойыз", "Жас дарындар", "Жеңіс" іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ бірқатар жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда.


Өзгелердің жаңалығы