Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас бухгалтері 35,7 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орал қалалық соты ҚР ҚК-нің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айыпталған бухгалтер әйелді кінәлі деп танып, оған үкім шығарды. Сонымен қатар, ол 7 жылға дейін материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот процесі барысында белгілі болғандай, айыпталушы 2005 жылдан бері ауруханада жұмыс істеп келген. Аурухана басшылығы оған сеніп, электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) тапсырған. Осыны пайдалана отырып, әйел бірнеше заңсыз қаржылық операциялар жасаған. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде ол 35,7 млн теңгені жымқырып, өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, әрекетін отбасындағы қиын жағдаймен түсіндірді. Оның айтуынша, үлкен ұлы есірткіге тәуелді болып, жиі жанжал шығаратын. Ал келіні де психобелсенді заттар қолданған. Бухгалтер ұрланған қаражаттың бір бөлігін отбасын асырауға және трамадол секілді дәрі-дәрмектер сатып алуға жұмсағанын айтты. Сонымен қатар, оның қарауында 79 жастағы анасы болған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.