30 жылда ешқандай ұлттық идеология қалыптастыра алған жоқпыз – Бекжан Тұрыс

30 Қараша 2022, 22:15
2472
Бөлісу:
30 жылда ешқандай ұлттық идеология қалыптастыра алған жоқпыз – Бекжан Тұрыс
Фото: автордан

«Ұлттық идеология және ...» жобасының келесі қонағы белгілі актер – Бекжан Тұрыс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Сұхбаттың видео нұсқасы шықпас бұрын оның үзіндісін оқырманға мәтін ретінде ұсынуды жөн көрдік.  

– Әңгімемізді жобамыздың дәстүрлі сұрағынан бастайық. Сіз үшін ұлттық идеология деген не? 

– Бізде ұлттық деген идеология бар ма өзі? Біз қалыптастыра алдық па сол идеологияны? Рухы жаншылған елдің идеологиясы бола ма? Біздің рухымыз жаншылып қалған ғой. Біз осы 30 жылда ешқандай ұлттық идеологияны қалыптастыра алған жоқпыз. Осының бәрі ұлттың бойынан кетіп қалған. Мен кешегі кеңес кезін аңсап отырған жоқпын. Бірақ жалпы айтар болсақ, ол кезде патриоттық жалын бар еді. Ол кездегі әрбір мультфильмге дейін патриот болудың жолын үйрететін.

Елімізде экономика жағына көп көңіл бөлді де, идеологиямыз артта қалып қалды. Ал идеология бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қоятын саптаяқ емес. Оның тамыры тереңде жатыр. Айталық, бесік. Кешегі бесік әлдиін айтатын аналарымыз қазір бар ма? Сол бесіктен басталады ғой, Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтқан жоқ қой. Одан кейін бала есейген кездегі әжелердің немерелерін елітіп отыратын ертегілері, жыр-дастандар, қазақтың дуалы сөздері балаларды ерлікке, адамгершілікке, батылдыққа тәрбиелеудің қайнар көзі еді ғой. 

Шыны керек, бұрындары әр қазақтың үйінің төрінде тұратын бесікті қазір байқамайсыз. Өзім барып жүрген жерден бесік жырын айтып отырған ананы мен әлі көрген жоқпын. Бар шығар, бірақ көрген жоқпын. 

Бесік деген ұлтты, ұрпақты бағып-қағудың, ұятты қалыптастырудың, намысты тәрбиелеудің ұлы құндағы емес пе?! Мен идеологияның тамыры тереңде деп жатқаным сол. 

Қазір бізде бәрі – тек ұран. Жаңағыдай патриоттық әңгімелер айтылмайды, идеологияның бір бұтағы сол ғой. Отансүйгіштікке баулу – ұлтты, ұрпақты тәрбиелеудің бір құралы ғой. Бізде идеологияның негізгі генераторы – патриотизм. Ал идеологиясы жоқ елде қандай патриотизм болсын. Бүгінгі көп жастардың қарны аш, жұмысы жоқ. Оларға патриотизм деп айта алмайсыз, бойында ондай нәрсе жоқ.

Жалпы идеология деген қайдан шықтық, қайда барамыз деген сөз емес пе?! Біз оны ұлттың бойында қалыптастыра алған жоқпыз. Қазір «үлкен дағдарыс келе жатыр» деп айтады ғой. Дағдарыстың үлкені саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс емес. Дағдарыстың үлкені – рухани дағдарыс. Әлеуметтік, экономикалық қиындықтардың барлығы өтеді. Ал рухани азғындау бүгінгі ұрпақты аздырып, тоздырып жатыр. Қазір адами құндылықтардың барлығын ұмыттық. Бәрі құлқынның құлын ойлайды, нәпсінің жетегінде кеткен. Осының барлығы – төмен қарай құлдырау. Өз бауырынан шыққан балалары ата-аналарына жат болып, қарттар үйіне өткізіп тастап жатыр. Қазақ тарихында көз көріп, құлақ естімеген осы бір жағдайлар – қазіргі қазақтың басындағы үлкен қасірет. Қазақта сөз бар ғой: «Жетім қозы тас бауыр, 

Түңілер де, отығар.

Жесір әйел жатқа құл

Ол да бір отауда отырар».

Бізде кекілді жетім деген болған шығар, бірақ сақалды жетім дегенді естіп пе едіңіз?! Біз жесірін әмеңгер, жетімін кемеңгер еткен халық болатынбыз. Қазір «жетімін жылатпаған» деп жатады ғой. Иә, бұрын қазақта ондай болмаған. Дала дәстүріндегі заң бөлек болатын. Біз сол дала дәстүріндегі әдемі заңдарды қалыптастыра алмадық. Соның барлығы тұнып тұрған ұлттық идеология еді. Ал қазір ата-аналардың өзі балаларын жетімханаға өткізіп тастап жатыр. Безбүйрек аналар баласын қоқысқа лақтырып кетіп жатыр. Ал кешегі нанның қоқымын жерге тастатпайтын, соны сыпырып алып, жеп отыратын аналарымыздың айшықты ізі қазір қалмаған ба деп ойлаймыз. Сондықтан мен біздің рухымыз жаншылған, ал рухы жаншылған елде идеология болмайды деген пікірдемін. 

Қазір идеологиямен үлкен жұмыс істеу керек. Кешегі қаңтар қасіреті идеологияның жоқтығынан. Бірақ идеологияға жұмыс істеп жатқан адамдарды мен әлі де көрген жоқпын, болмайтын да шығар. Бұл менің пікірім.

– Сіздің пікіріңізді тыңдап отырсам, бүкіл қазақ өз тамырынан ажырап, дәстүрді ұмытып, барлығы қара ала түске боялған сияқты. Біздің үміт артар жастарымыз бар. Бәрі осыншалықты төмен деп айтуға бола ма?

– Мен бәрі деп жатқан жоқпын. Бірақ басым көпшілігі солай ғой? Оны мойындайық, неге мойындамаймыз. Мен жастарды қай жерде болсын ақтап аламын. Бірақ қазір көшеге шығып, мектеп пен университеттердің жанынан өтсеңіз, өкінішке қарай, кілең қазақтың қара көздері ауыздарынан қазақша, орысша маттар ақтарылып, қазақи ибалық пен адами иманшылық жалаңаштанып тұрғанын көресіз.

Жаңа сіз айтып жатқан, біз сенетін ақылды жастар бар. Бірақ олар аз. Өз басым олармен жиі кездесемін. Олар мені осы ұлт төңірегінде кездесуге шақырып тұрады.  

Қазір қарасаңыз біз алтыбақан алауызбыз, қазақтың басы бірікпейді. Бірақ неге бірікпейді? Мен осыны ойладым. Мысалы, менің шешем немерелерінің кіндігін перзентханадан сұратып алатын. Сұратып алып, топыраққа көметін. Көміп жатып «адам туған жерінде» деп күрсініп қоятын. Ал қазір қараңызшы, қаншама сәби перзентханада туды. Солардың кіндігін кімдер кесті? Менің кіндігім қайда тасталып жатыр. Әрине, сұрауы жоқ, құны жоқ, қан-жынға араласып, құрдымға кетіп жатыр. Ал сол бейкүнә сәбилердің ертеңі не болмақ? Тағы да болжаусыз болашақ па? Осының барлығын ойланамын да, бесіктей жеңіл өмірді табыттай ауырлатып алып жүрген өзіміз. Ал біздің кешегі ұлылар ұлағатында «Кіндігін туған топырағына байлап, бақидың жолын бағыштаған бабалар ырымында ұлт болып ұйысудың, жұрт болып жұмылудың, халық болып қайраттанудың пәлсапасы жатыр» деген сөз бар. Неге осы пәлсапаны жүзеге асыра алмай жүрміз? Өйткені жаңа бір ғана кішкентай нәрсені мен айттым. Біз кіндігіміздің өзін далаға тастап жатырмыз. Оны иттер кеміріп жатыр. Ал болашақ не болмақ, осыны ойланып көрдік пе?  

Иә, көзі ашық азаматтар жоқ емес, бар. Оларға қараған кезде қазақтың болашағы бар екеніне сеніп тұрасыз. Ал көшеге шыға қалған кезде өз тілін менсінбейтін, өз тілінде сөйлемейтін, өз емшегін өзіне өгей қылып жүрген үлкен азаматтарымызды да, замандастарымызды да, қарындастарымыз бен іні-балаларымызды көрген кезде жүрек ауырады. Бұл – шындық. Шындық ащылау болуы, сізге де қаттырақ тиюі мүмкін. Ол – күнделікті мен өзім өмірде көріп жүрген нәрсе. Көлгірсіп, көп сөйлеп қайтемін.

– Тарихи шындықты көру үшін, тарихымызды тану арқылы өзіміздің тамырымызға қайтып оралу үшін құрал болатын үлкен сала – өнер саласы. Өнер саласы идеологияға қалай әсер ете алады? Оның ішінде театрды айтсақ, театрдан тарихымызды көруге бола ма? 

– Мен бір нәрсені айтайыншы. Мен осы театрда «Ұлым, саған айтамын» деген дүние жасадым. Тұнып тұрған идеология – сол. Елдің бәрі «Рухани жаңғыру» деп ұрандап жүрген кезде мен өзімнің баламмен келісіп, соның үлгісін көрсеттім. Бұған себеп біз мұражайға барған кезде сіз ақтап алғыңыз келіп отырған жастардың көбі ертұрманның не екенін білмейді. Кәдімгі қазақтың ертоқымын. Кеше ел басына күн туғанда ердің рухы болған ертұрман ғой? Егемендігімізді алғанда елдің құты болған осы ертұрман емес пе? Қазақ – алты жасында ашамайға отырғызып, алпысында азаматын аттан түсірмеген халық. Ал соны білмей жатқан балалардың болашағынан не күтеміз? Мен өзімнің кешімде осы нәрсені тілге тиек етіп, көп дүниені айттым. «Рухани жаңғыру» деп елдің бәрі әр жерде концерт өткізіп, ақша алып, мәз болып жүрді. Ал мен сол рухани жаңғырудың түрін көрсеттім. Былай болу керек, қазір ұрпақ былай кетіп бара жатыр. Ұлттық тәрбиенің тізгінін қолға алайық. Сонда балам екеуміз көп нәрсені ашып айтқан болатынбыз.

– Оның ішінде жер сату, қарыз мәселелері бар. 

– Иә. Қарызға батқан қазақ екені рас па? Қарызы бар адам қазір артық сөз айта алмайды, қорқады. Оның ішінде тек осы екеуі емес қой, көп нәрсе көтерілді. Кешегі әлі күнге дейін жөнді тойлай алмай, сол кісілер туралы жарымды, жағымды дүние айта алмай жүрген алаштықтардың асыл идеясын қалай жалғастыру керегі туралы да айтылды. Қазақтың кешегі адасқан көшін алға бастаған сол ұлыларымыз емес пе? Соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, ал мәдениеттің ұлағаты — оқу мен әдебиетте» деген сөзі бар ғой. Біздің қазіргі мәдениетіміз қандай, әдебиетіміз қандай?

Баяғыда халықтың қаруы, қалқаны жазушылар мен ақындар болатын. Біздің қазіргі жазушылар мен ақындарға қарап, кейде ұялып қалатын кездерім болады. Өйткені одақта 800-ге тарта жазушы мен ақын бар екен. Сол 800-дің жартысы демей-ақ қояйын бір 30-40-ы жиналып, идеология, ұлттың арғы-бергісі жайлы жиын өткізіп, талқыға салып жатқан ақын-жазушыны көрген жоқпын. Жанды ауырта ма, ауыртады. 

Қазір әркім өзін ақтап алуға тырысып, бірдеңе айта қойсаң, сол сөзіңді аңдып отырып, өзінікі дұрыс болмаса да, саған жабыла кететіндер көбейді. Біз қоғамды қалай емдеуіміз керек? Мәселе, сұрақ – осында. 

Ал жаңағы «Ұлым, саған айтам» моноспектаклін көрсеткен кезде өз көлеңкелерінен өздері қорыққан бәрі қашып, өзім кезінде қызмет еткен «Хабар» телеарнасы болсын, Ұлттық арна болсын, бәрі түсіруден бас тартқан болатын. Қорыққан шығар, артық айтады деген шығар. Бірақ мен ол жерде ешкімнің жеке басына тиіскен жоқпын ғой, жалпы айттым. Бүгінгі қазақтың, ұрпақтың көші қайда бара жатқанын, соны түзейік деген әңгіме айттым.

Мұхтар Мағауиннің «Қазақ өзінің қазақтығын сақтап қалғанда ғана ұлт болып қалады» деген сөзі бар. Біз өз болмысымызды, қазақ екенімізді сақтай алмай жүрміз ғой. Әсілінде қазақтай тектілік сақтап, дүниенің сырын дәл ұққан халық жоқ. Өте текті халық болатын. Сол текті халықтан Мұзафар ағамыз айтқандай, «Мәлім еді қазақтың тектілігі, тектіліктің бүгінде кетті құны» деп жатырмыз. 

Өзгелердің жаңалығы