30 мамыр – Дүниежүзілік аллергия және демікпе ауруларымен күресу күні

30 Мамыр 2022, 11:35
1969
Бөлісу:
30 мамыр – Дүниежүзілік аллергия және демікпе ауруларымен күресу күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын 30 мамырда әлемде Дүниежүзілік аллергия және демікпемен күресу күні аталып өтіледі. 

Оның негізгі міндеті – дәрігерлердің, науқастардың және халықтың осы аурулар туралы ақпараттандырылуын арттыру, аллергия мен демікпеге байланысты мәселелерді шешуге қоғамның назарын аудару және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.

Аллергия мен демікпе дүние жүзінде ең кең таралған аурулардың бірі. Бронх демікпесі тыныс алу жолдарының ауруларына әкелетіндігі белгілі. Алайда демікпенің себебі аллергия да болуы мүмкін. Бүгін біз бронх демікпесі туралы айтпақпыз. 

Статистика бойынша ересек тұрғындардың 5%-дан астамы және балалардың 10%-ы осы ауруға шалдыққан. Бронх демікпесі – әртүрлі ішкі және сыртқы қоршаған орта факторларының бронхылардың тарылуына ықпал ететін тыныс алу жолдарының ауыр созылмалы қабыну ауруы. Бронх демікпесіне тән симптомдар: ентігу, жөтел, кеудеде сырыл мен ауырлық сезімінің болуы. Бронхылардың қатты тарылған жағдайында тұншығу ұстамасы пайда болады.

Алдын алу шаралары уақтылы және дұрыс жоспарланған жағдайда демікпені болдырмауға болады. Демікпенің алдын алудың негізгі бағыты – аллергия мен тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларының алдын алу болып табылады. Темекі түтіні немесе тітіркендіргіш химиялық заттармен байланыста болатын балалар аллергияға жиі шалдығады және бронх демікпесімен жиі ауырады.  Ең кең таралған аллергендер: үйдегі шаң, тарақандар, кішкентай кенелер, үй жануарларының жүні, зең, тамақтың кей түрлері, өсімдік тозаңы, - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергологиялық орталығы басшысының м.а., аллерголог иммунолог дәрігер Арай Батырбаева.

Арай Жанатқызыың айтуынша, бронх демікпесін алдын алу бойынша дұрыс жоспарланған және жүзеге асырылып жатқан шаралар бұл аурудың алдын алу және емдеудің тиімді тәсілі.

Заманауи медициналық тәжірибе демікпенің алдын алу іс-шараларын дұрыс орындау көбіне ауруды емдеуге немесе пациенттің демікпеге қарсы дәрі-дәрмектерді пайдалануын азайтуға жеткілікті екендігін көрсетті. 

Диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерінің арқасында ауруды бақылауға болады.

Дұрыс емдеу жүргізген жағдайда демікпемен ауыратындардың көбі демікпені бақылап отыруға, оның симптомдарынан арылуға, ұстамалардың  сирек болуына немесе тіпті олардың мүлдем болмауына, арнайы дәрі-дәрмектерді сирек пайдалануға қол жеткізуіне болады. Осылардың барлығы толыққанды өмір сүруге және симптомдар мен асқынуларды ұмытуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы