Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов газбен қамтамасыз ету бойынша екі бірдей министрлікке сауал жолдады.
Нақтырақ айтқанда, оның сауалы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа бағытталған.
Қазақстан - әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойған ел. Бірақ жылына 50 млрд шаршы метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол газбен үйін жылыта алмаса, біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын, - дейді Берік Дүйсембинов.
Оның айтуынша, өткен аптада «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында бұл мәселенің әлі де толығымен шешімі табылмай отырғандығынан хабардар болған.
Бүгін ас-суын ағаш жағып әзірлеп, үйін көмірмен жылытып отырғандар бар. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді. Рухани астанамыз - Түркістан қаласы бүгінде өзгеріп, қала келбеті облыс орталығының мәртебесіне лайық, гүлденіп келе жатқандығын көріп отырмыз. Дегенмен, қазақтың қара шаңырағы – оңтүстік аймақ, инфрақұрылымдық даму, сапалы өмір сүру тұрғысынан тек Түркістан қаласымен ғана шектеліп қалмауы керек деп есептейміз, - деді депутат.
Ол Түркістан облысы бойынша нақты мысалдарды келтірді.
Түркістан облысы Келес ауданы Біртілек ауылы, Еңбекші»және Ораз ата елді мекендері тұрғындарының айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын осы ауылдарға газ құбыры салынып, тұрғындар өз қаржыларына үйлеріне құбыр тартып, газ пештеріне дейін қойып алған. Осындай жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданы ауылдарында болған. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген. Егер газ болмаса, тұрғындардан неге 4 жыл бұрын қаржы жиналған? - дейді Берік Дүйсембинов.
Тұрғындармен кездесу кезіндегі шағымдарға сүйене келе, Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39-ы әлі де көмір қызуымен жылынатынын жеткізді.
Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімдікте, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде. Бірақ мардымды, нақты жауап ала алмадық. Әрине, сылтаудың түрі көп, қағаз бәрін көтереді. Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда мүмкін бұл мәселе жылдам шешілер. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы Түркістан облысындағы аталған ауылдар мен мектептерге бүгінгі күнге дейін газ келмеу себебі, оған жауапты лауазымды, заңды тұлғаларды анықтап, олардың қандай жауапкершілікке тартылғандығы жөнінде және бұл мәселе өз шешімін қашан табатыны туралы ақпарат сұрайды, - деді Мәжіліс депутаты.