30% – бұл шынайы – Лаззат Рамазанова Президенттің тапсырмасы туралы

23 Қазан 2020, 15:46
2137
Бөлісу:
30% – бұл шынайы – Лаззат Рамазанова Президенттің тапсырмасы туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының квазимемлекеттік сектордың басшылық лауазымдарындағы әйелдердің үлесін арттыру туралы тапсырмасы жақсы әлеуметтік лифт болады.

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова комиссияның кеңейтілген кеңесінде мәлімдеді.  

Ол Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына енгізілген мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік компаниялардағы әйелдердің үлесін арттыру бөлігіндегі норманы іске асыруға Президент бастау бергенін атап өтті.

Тұжырымдаманың бірінші кезеңі (2020 жылға дейін) аяқталды. Қазір ұлттық және өңірлік комиссиялардың мүшелері Мемлекет басшысы белгілеген жаңа міндеттерді орындауға бағыт алуы тиіс.

Мемлекет басшысының әйелдердің мемлекеттің қатысуы бар компаниялардағы өкілдігіне назар аударғаны қуантады. Мұндай кәсіпорындар гендерлік стратегияны іске асыруға дұрыс бағдар бере алады. Осыған байланысты орталық және жергілікті атқарушы органдар квазимемлекеттік секторды дамытуға қатысты барлық нормативтік құжаттарды кезең - кезеңімен сәйкестендіруі тиіс, - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.

Сонымен қатар Лаззат Рамазанованың пікірінше, әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашылуда.   

Президенттің тапсырмасы – әйелдер үшін қосымша әлеуметтік лифт. Бүгінде әйелдер халықтың 52%-ын құрайды. Олар алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосатындарына сенімдімін. Бизнес-секторындағы әйелдердің әлеуеті барынша белсенді пайдаланылатындықтан бүкіл елдің әл-ауқаты өседі, - деп түйіндеді Ұлттық комиссия төрайымы.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың басшы лауазымдарындағы әйелдер үлесін 30%-ға дейін арттыру қажеттігі туралы мәлімдеді. Мұндай норма бизнес саласын әйелдер үшін неғұрлым тартымды етеді, тиісті халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның позициясын арттырады.

Өзгелердің жаңалығы