Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде «Қазақстан мұғалімі» сыйлығы мен «Barine Bilim» шағын гранттары байқауы өз мәресіне жетті. Сыйлық аясында ауылды жердің 30 мектебі мұғалімдерінің әлеуметтік жобасы аясында млн теңгеге ие болды.
Қазақстанда шалғайдағы және ауылды елдімекендердегі мектептерде 30 шағын грантты жүзеге асыру жобасы аяқталды.
Жобаның мағыздылығы мен қорытындысы жайында «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ төрағасы Ермек Мәжитов айтып берді.
Қазіргі кезде мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін мемлекет тарапынан көп жұмыс қолға алынып жатыр. Мұғалімдерді әлемдік аренада қалай құрметтеп жатқанын көріп, біздің елімізде де «Қазақстан мұғалімі» жобасы қолға алынды. Бұл сыйлық мемлекеттік емес, бұл «Әлем мұғалімі» сыйлығы аясында өтіп жатқан жоба. Бұл премияны тек мемлекет тарапынан ғана емес, сонымен бірге қоғам, меценаттар тарапынан мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған сыйлық, - деді ол.
Ермек Мәжитов атап өткендей, 2019 жылы бұл сыйлық Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын «Үздік педагог» жобасы аясында өткізілді. Былтыр карантинге қарамастан жобаны тоқтатылмады. Осы жылы «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы үшінші рет ұйымдастырылды.
Бұл жоба 3 жыл ғана өткізілсе де, үлкен жетістігіміз бар. Еліміздің мұғалімі әлемнің үздік 50 мұғалімінің тізіміне енді. Ол Семей қаласының физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков. Премияның ауқымы жыл сайын кеңейтіліп жатыр. Бұл жоба туралы барлық мұғалім білгенін қалаймыз. Сондай-ақ бұл конкурсқа әр мұғалім өз бетінше өтініш бере алады. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осы жобаға қолдау білдіруге ниет білдірген серіктестер қатары да көбейді, - деп атап өтті Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы.
Оның сөзінше, конкурста үздік ондықтың қатарына енген мұғалімдердің бірі «Әлем мұғалімі» премиясына қатысуға мүмкіндік алды. Ол үшін қазақстандық үздік 10 мұғалімнің жобалары өзара сайысқа түсті. Қазылар алқасы үздік деп таныған мұғалімді әлемдік премияға қатысуға жіберді.
Мұғалімдердің жұмысын шамамен 20 қазылар алқасы бағалады. Биыл конкурсқа түскен жұмыстардың ішінде әсіресе ауыл мұғалімдерін қолдауға баса назар аударылды. Осы ретте мұғалімдері арқасында 30 ауыл мектебі 1 млн теңге көлемінде шағын грантқа ие болды. Грантқа ие болған мұғалім өзінің әлеуметтік жобасы арқасында мектептің техникалық жағдайы мен оқушыларының білім сапасын арттыруға септігін тигізді. Яғни осы қаражаттың есебінен мектеп қажетті құрал-жабдығын (интерактивті тақты, оргтехника) сатып алып, ауласын көгалдандыруға, жылыжай салуға мүмкіндік алды, - деп толықтырды ол.
Мәліметке сәйкес байқауға еліміздің 12 облысынан 56 мұғалім қатысты.
Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры» «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Қазақстан мұғалімі» сыйлығы мен «Barine Bilim» шағын гранттары байқауына қолдау көрсетті.
Қор осы жобаны жүзуге асыру мақсатында 79 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Әрине, біз шағын гранттар конкурсын өткізуге үлкен мән береміз, өйткені шалғай немесе ауылдық жерлерде орналасқан мектептерде балалардың өзін-өзі танытуы әлдеқайда қиын, ал білім беру жағдайлары әрқашан талапқа сай бола бермейді. Мұғалімдерге өз мектебі үшін істегісі келетінін мүмкіндікті өздеріне бере отырып, біз бір жағынан мұғалімнің тілегін орындасақ, ал екінші жағынан, біз нақты мақсатқа қол жеткізіп, мектепке қажет нәрсені бере алдық, - деді Samruk Kazyna Trust бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.
Баспасөз мәслихаты барысында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Абенова Баян «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ жобасы шеңберінде және жобаның бас серіктесі арқылы табысты ынтымақтастық орнағанын атап өтті.
2016 жылдан бері Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 300-ден астам гранттық жобаны жүзеге асырды. Биыл азаматтық бастамаларды тікелей қолдауға бағытталған және кешенді іске асыру үшін бюджеттен тыс қаражатты тарту бойынша белсенді жұмыстың нәтижесі – «Қазақстан мұғалімі» сыйлығының қатысушыларына шағын гранттар бағдарламасы болды. Мұны корпоративті сектормен ынтымақтастықтың арқасында іске асыру мүмкін болды. Келешекте басқа да гранттық жобаларды жүзеге асыру үшін бағыттарды кеңейтіп, жеке қаражатты тартуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, біз осы қорлармен ынтымақтастықты жалғастыруды көздейміз, - деп толықтырды Абенова Баян.
«Barine Bilim» - «National Teacher Prize Kazakhstan – «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығы шеңберінде қыркүйекте басталған жоба. Бұл сыйлық Global Teacher Prize халықаралық сыйлығы шеңберінде Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту қорының құрылтайшысы – Әлия Назарбаевамен бастама ретінде көтерілген.