"Қазгидромет" 18, 19 және 20 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Болжамға сәйкес, республиканың басым бөлігі антициклон жотасының ықпалында болады, осыған байланысты күн ашық, жауын-шашынсыз болады.
Тек батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлер циклонның жырасының әсерінде болып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі, жел күшейіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Қазақстан бойынша тұман түсуі ықтимал.
Елдің солтүстігінде түнде ауа температурасы -3...+5 градусқа дейін жылыса, күндіз +5...+16 градусқа дейін көтеріледі. Орталықта түнде -3...+5 градус, күндіз +5...+20 градус, шығыста түнде -7...+5 градус, күндіз +3...+16 градус болады. Батыста түнде -5...+5 градусқа дейін төмендеп, күндіз +5...+18 градусқа дейін жылынады. Ал оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнде +5...+13, күндіз +22...+30 градусқа дейін көтеріледі, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазгидромет" 2025 жылдың наурыз айына арналған ауа райы болжамын ұсынған болатын. Синоптиктер көктемнің алғашқы айы жылы және жауын-шашынды болады деп болжады.
Қазақстан аумағында орташа ауа температурасы қалыпты мәннен 2 градусқа жоғары болмақ. Наурыз айында жауын-шашын республиканың басым бөлігінде нормадан көп, ал оңтүстік-батыс пен оңтүстікте шамамен нормаға сай түседі.