Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылдың 3 айында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8%-ға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
Оның дерегінше, осы жылғы 3 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8%-ға ұлғайып, 700,3 млрд теңгені құрады.
Бұл өсім негізінен мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің 2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 1,2%-ға, сүт өндіру көлемі 1,3%-ға, тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6%-ға өсті, - деп баяндады Ауыл шаруашылығы министрі.
Министр Қарашөкеевтің айтуынша, 42,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірген.
Нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта, яғни жылыжайда өсіру есебінен қамтамасыз етілді, - деп айтты АШМ басшысы Үкіметте.