3 000-нан астам ауыл мен 17 000 км автожол интернетпен қамтамасыз етілмек

25 Сәуір 2023, 10:29
627
Бөлісу:
3 000-нан астам ауыл мен 17 000 км автожол интернетпен қамтамасыз етілмек
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мусин ауылды елді мекендерді оптикалық желілер арқылы интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын айтты.

Жалпы 3 000-нан астам ауылды қамтуды, 60 мың км оптикалық инфрақұрылымды салуды көздейміз. Бұрында, тек әкімшілік ғимараттар, соның ішінде мектептер, ауруханалар мен әкімдіктерге желілерді тартып, ол ауылдарда интернет бар деген мәліметті операторлардан алатынбыз. Ал нақты үйлер мен тұтынушылар операторлардың коммерциялық мүдделерінің болмауына байланысты байланыссыз қалды, - деді Цифрлық даму министрі.

Оның сөзінше, осы мәселеге байланысты Дүниежүзілік банкпен бірлесіп біз «соңғы мильді» жеткізу үшін арнайы гранттарды, шағын және орта операторларды субсидиялауды көздеп отырмыз.

2020 жылы 1200 ауылға оптикалық желі жеткізілген болатын. Бірақ, әр үйге дейін оптиканы жеткізу дұрыс қолға алынбаған. Біз сол ауылдардағы 300 мың үйді интернетке қосамыз.Одан басқа оптиканы тарту мүмкіндігі жоқ 500 ауыл қалып отыр, оларға спутниктер арқылы интернет жеткізіледі. Сондай-ақ 134 ауылда спутниктік трансмиссияны жерүсті трансмиссиясына (РРЖ) ауыстыру жоспарлануда. Бұл бастамалар қалалық және ауылдық елді мекендер арасындағы интернетке қолжетімділік алшақтығын қысқартуға, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар министр республикадағы жолдарға 487 антенна тіректерінің құрылысын орнату көздеп отырғанын атап өтті. Оның нәтижесінде 17 000 км автожол мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі.

Өзгелердің жаңалығы