29 жылда 290-нан аса адам «Дарын» сыйлығының иегері атанды

20 Мамыр 2021, 16:50
1524
Бөлісу:
29 жылда 290-нан аса адам «Дарын» сыйлығының иегері атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтты.

Комитет төрағасы Тәуелсіздік алған жылдардан мемлекет тарапынан жастарымыз ескерусіз қалған жоқ, білім алуға, шығармашылығын дамытуға, еңбектенуге ұмтылған жастарды қолдауда бірқатар бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.

Осындай жобаның бірі - 1992 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының бастамасымен тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы.

«Дарын» сыйлығы - ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында елеулі еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау ретінде ұсынылып келеді. Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді, - деп атап өтті Байманов.

Оның айтуынша, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын талантты, белсенді, шығармашыл, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі салаларда қоғамды дамытуға сүбелі үлестерін қосып жүрген Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары ала алады.

Осы жылдардың ішінде 294 адам «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.

Комитет төрағасы осы күнге дейін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері болған отандастарымызды атап өтті. Олардың қатарында спортшыларымыз Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Данияр Елеусінов, Юлия Галышева, өнер саласында Димаш Құдайберген, «Муз АРТ», ғалымдарымыз Максим Здоровец, Ерасыл Ерланұлы, созылмалы ауруларды емдеуде Нұрлан Қанат, Әсем Әшімова бар.

Бұл аталған жастар «Дарын» сыйлығы лауреаттарының аз ғана бөлігі. Бұдан басқа бұл күндері өз саласында халықаралық және республикалық ареналарда өз өнерін көрсетіп, еліміздің дамуына үлесін қосып жүрген лауреаттарымыз жетерлік, - деп айтты ол.

Өзгелердің жаңалығы