Талдықорғанда 288 орындық жатақхана пайдалануға берілді

2 Қыркүйек 2020, 22:07
2051
Бөлісу:
Талдықорғанда 288 орындық жатақхана пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Талдықорғанда студенттерге арналған 288 орындық көпқабатты жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілді. Елбасының "5 әлеуметтік бастамасының" аясында жатақхана құрылысы өткен жылы қолға алынып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге жұмсалды. 

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.

Талдықорған қаласының "Қаратал" шағын ауданында ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған аяқсыз құрылысты облыс әкімі А. Баталов коммуналдық меншікке өткізіп, студенттер жатақханасы ретінде қайта салуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде айналасы бір жылдың ішінде 13 қабатты, сәулеті келісті жаңа жатақхана бой көтерді. Талдықорғандағы бірден бір жоғары оқу орны І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері үшін беріліп отырған бұл нысан білімгерлердің өмір сүру жағдайын жақсартып, білім сапасын арттыруға ықпал ететін қадам болмақ.

Жатақхананың ашылу салтанатында облыс әкімі А. Баталов студент жастарға ізгі тілегін білдірді.

Кезінде кәсіп иесі қонақ үй саламыз деп, кейін құрылысын аяқсыз қалдырып кеткен нысанның бетоны үгіліп, арматурасы тозып, қараусыз жатқан болатын. Осы құрылысты студенттер үйі ретінде салсақ деп шешім қабылдап, бүгін, міне, пайдалануға беріп отырмыз. Ғимараттың жобасын марқұм, белгілі сәулетші Ақмырза Рүстембеков жасады. Талдықорған қаласының ажарын ашатын бұл нысан жетісулық жастар үшін үлкен сый деп білемін. Енді бұл жатақхана жалынды, жігерлі жастарымыздың өз үйіндей болады. Біз жастарға үлкен үміт артамыз. Осы ғимартта болашаққа жол салыңдар, армандарың орындалсын! - деген облыс басшысы жұмысты сапалы орындаған "НСК Астана-Құрылыс" ЖШС құрылыс компаниясына алғысын білдірді.

Мұнан соң І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев, студенттік парламентінің спикері, құқық және экономика факультетінің 4 курс студенті МадинаТұрдаш сөз алып, жастарға деген қамқорлығы үшін ел ағаларына университет ұжымының атынан, студенттердің атынан ризашылықтарын білдірді.

Мен оқуға түскенде маған жаңа жатақханада тұрасың деді, бірақ мен алғашында сенбедім. Шынында да қазір осы студенттер үйінде тегін тұрып жатырмын. Өте қуаныштымын. Бізде кітапхана, кинозалдарды айтпағанда, тіпті кір жуатын машинаға дейін бар. Енді біз ештеңеге алаңдамай тек қана жақсы оқуымыз керек - дейді «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ журналистика бөлімінің 1 курс студенті Аяулым Қойшыбаева.

Жиналған көпшілік ғимараттың ішін аралап, кітапхана, кинозал, өзіндік жұмыс бөлмесі, демалыс бөлмесі, асхана, жатын бөлмелерге кіріп көрді. Келушілерге "Bolashak Books" бұрышы таныстырылды. Әр бөлмеде студенттердің еркін білім алуы мен демалуына барлық қажетті жағдайлар жасалған, тиісті құрал-жадбықтармен толық қамтылған. Әзірге мұнда "Айналайын" балалар үйінің тәрбиеленушілері қатарындағы және интернет жылдамдығы баяу шалғай елді мекендерден келген жалпы саны 13 студент орналасты.   

Талдықорғанда сонау тоқырау жылдарында иелері сала бастап, кейін бітірмей тастап кеткен құрылыстың тұрғанына жиырма жылдан асқан. Қараусыз жатқан соң әр түрлі адамдар үйір болады. Оған қоса қаланың сәнін кетіріп тұрған. Бүгін осы құрылыстың орнына студенттерге арналған зәулім жатақхана салынып берілгеніне қуанып жатырмыз. Өзіміз кезінде институтта оқығанда жатақхана дегенді білгеніміз жоқ, бізге мұндай жағдай жасалған жоқ. Қазіргі жастарға оқимын десе, өзін өзі дамытамын десе барлық мүмкіндіктері бар - дейді Дина Нұрғалиева, қала тұрғыны.  

Атап өтсек, жыл соңына дейін Талдықорған қаласында медициналық және политехникалық колледждерінің 280 және 200 орындық, Қаратал ауданы Бестөбе ауылындағы Бестөбе сервистік-техникалық колледжінің 50 орындық жатаханалары қолданысқа беріліп, тағы 530 студент қуанышқа бөленеді. Конституция күніне орай облыс бойынша 10 әлеуметтік нысан ашылып, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында 33 жеке тұрғын үй, Талдықорған қаласында 60 пәтерлік тұрғын үй  қолданысқа берілді.

Өзгелердің жаңалығы