Алдағы күні қатты жауын-шашын болып, ауа температурасы күрт төмендейтіні, күннің суытатыны болжанады. Бұл туралы BAQ.KZ "Қазгидромет"-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Болжамға сәйкес, атмосфералық фронтальды бөліктердің жүруіне байланысты Қазақстанның солтүстік және оңтүстік өңірлерінде ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі: найзағай ойнап, жаңбыр жауады, оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірдің таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын болады.
Еліміздің батысына, шығысында, орталығында антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республикамыз бойынша желдің күш алу сипаты басым, еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында бұршақ түседі, оңтүстігінде шаңды дауыл тұрады, оңтүстік-шығысында тұман болады деп болжанады. Түнде Жамбыл облысының шығысында, таулы аудандарында -2°С суық болады деп күтіледі, - деп жазды"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, синоптиктер Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Қызылорда қаласының орталығында және оңтүстігінде, Түркістан облысының солтүстігінде, Атырау облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігінде, Абай облысының оңтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары болатынын ескертеді.