Атырауда "28 ілмек" еріктілер клубы перзентханадағы сəбилерге тегін тоқымалар тоқиды

7 Ақпан 2020, 20:53
3052
Бөлісу:
Атырауда "28 ілмек" еріктілер клубы перзентханадағы сəбилерге тегін тоқымалар тоқиды
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық перинаталдық орталықтағы қарқынды емдеу бөлімшесіндегі шала туған сəбилер жүннен тоқылған ұяшықтарда жатады.

Дəрігерлердің айтуынша тоқыма бұйымдар балаға ана құрсағында жатқандай əсер етеді. Мұндай тоқымаларды перзентханаға "28 ілмек" аталатын қайырымдылық клубының еріктілері ай сайын сыйға тартады екен. Өткен жылы олар перинаталдық орталығындағы шала туған шақалақтар үшін қой жүнінен 60 жинақ бұйым жəне одан бөлек 50 сегізаяқ тоқып беріпті. Клуб мүшелерінің айтуынша, ішінде шұлығы мен бас киімі, қолғабы мен жамылғысы жəне кеудешесі бар жинақты тоқу үшін 1 аптадан бастап 1 айға дейін уақыт кетеді. Олар биыл да өз сыйларын ұжым боп дайындап жатыр екен.

28 ілмек 3.jpg

Бұл тоқымашының тəжірибелілігіне де байланысты. Мысалы, мен қазір сегізаяқ тоқып жүрмін. Ол кішкентайларға арналған тұмар секілді.  Бала анасының құрсағында жатқанда өзінің кіндігін ұстап, ойнайтыны бар ғой. Сегізаяқ сол кіндіктің имитациясы десек болады. Қасына қойсаң, бала оны тас қып ұстап алып, айрылмайды. Бейне бір анасы секілді. Қысқасы балаға жағымды, нəтижесінде күш алып, денсаулығы нығая бастайды. Біздің мақсатымыз шақалақтардың дені сау болып, тез жетіліп кетуіне көмек көрсету, - дейді "28 ілмек" клубының мүшесі Валентина Верцан.

28 ілмек 4.jpg

Дəрігерлер кішкентайлардың тезірек қатарға қосылуы үшін жүннен тоқылған бұйымдардың көптеген пайдасы бар дегенді айтады.

28 ілмек 5.jpg

Қолдан тоқылған киім-кешектер теріні тітіркендіріп, қан айналымын жақсартады. Қан айналымдары жақсарған кезде оттегі мен ми жəне басқа да ағзалар қамтамасыз етіліп, баланың тез жетілуіне көмектеседі. Одан бөлек сəбилердің демаласына да пайдалы, - дейді Атырау облыстық перинаталдық орталығының бөлімше меңгерушісі Түлен Бегеева.

28 ілмек.jpg

"28 ілмек" жобасы 2014 жылдан бастап жүзеге аса бастаған. Клубқа тоқуға деген ынтасы бар кез-келген адам мүше бола алады. Атыраудағы осындай еріктілердің саны қазір 30 шамасында екен.

28 ілмек 6.jpg

Өзгелердің жаңалығы