2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, енгізілген өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
65 жастан асқан жүргізушілер үшін міндетті медициналық тексеру
Жаңа талапқа сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс.
Медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады.
Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы медициналық көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
ІІМ бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтті.
Кейбір жүргізуші теориялық емтиханды қайта тапсырады
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілердің білімін қайта тексеру.
Заңда көрсетілген жағдайларда жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберіледі.
Мұндай жағдайларға:
* жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу; * белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру; * маневр жасау кезінде қауіпті әрекеттерге жол беру; * жолақ ауыстыру қағидаларын өрескел бұзу; * басып озу талаптарын қауіпті түрде бұзу сияқты құқық бұзушылықтар жатады.
ІІМ бұл талаптың да барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылатынын түсіндірді.
Емтиханға келмесе, жүргізуші құқығы тоқтатылады
Егер жүргізуші тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде дәлелді себепсіз теориялық емтиханға келмесе, бұл оның көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.
Мас күйде көлік жүргізгендерге жаза күшейтілді
Заңға енгізілген өзгерістердің бірі алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарған азаматтарға қатысты жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Енді мұндай қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Ал егер азаматтың жүргізуші куәлігі болмаса, оған сегіз жыл бойы жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі берілмейді.
ІІМ аталған өзгерістердің барлығы жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Осыған байланысты министрлік барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, ал жаңа талапқа жататын жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуге шақырды.