25 мың көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақы түрін рәсімдеді

24 Қаңтар 2020, 09:16
2776
Бөлісу:
25 мың көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақы түрін рәсімдеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақының жаңа түрін жыл басынан бері 25,4 мың отбасы рәсімдеп үлгерді. Оның ішінде 11,8 мыңнан астам отбасы жәрдемақыны алғаш рет рәсімдесе, 13,7 мыңы қайта есептеуге құжат өткізгендер.

Көпбалалы отбасылар халыққа қызмет көрсету орталығына жеке төлқұжаттарымен келіп тиісті жәрдемақыны рәсімдей алады. Осыған дейін жәрдемақы алған отбасылар жаңа жәрдемақы түрін алушылар тізімінде бар-жоғын 1411 call-орталығы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің www.enbek.gov.kz сайты арқылы да тексере алады, – дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Жалпы алғанда, 1 қаңтардағы жағдай бойынша 368,9 мың отбасыға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған, оның 246 мыңы бұған дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алғандар.

Аймақтық бөліністе жыл басынан бері жәрдемақының рәсімделуіне Түркістан облысынан көп өтініш қабылданған. Одан кейін Алматы облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары.

Естеріңізге салайық, 2020 жылдан бастап отбасында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары, оның ішінде кәмелет жасына толғаннан кейін білім беру ұйымдарын тәмамдағанға дейін (23 жасқа дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын балалары бар отбасына ай сайын тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы көлемі: 4 баласы барларға – 42 496 тг, 5 балаға – 53 127 тг, 6 балаға – 63 757 тг, 7 және одан көп балаға – 74 388 тг.

Өзгелердің жаңалығы