2025 жылы "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлер саны едәуір артты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында стипендия тағайындау бойынша шешімдер қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Биыл стипендияға 981 адам өтініш білдірген. Іріктеу үш кезеңнен тұрды: тестілеу, әңгімелесу және комиссия отырысында бағалау. Нәтижесінде 217 үміткер стипендия иегері атанды. Олардың қатарында:
- 167 адам – магистратура бағдарламасы бойынша,
- 13 адам – докторантура,
- 37 адам – әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында кәсіби тағылымдама өтпек.
Комиссия мүшелері мамандықтар құрылымына да ерекше назар аударды. Стипендия иегерлерінің:
- 67,7 пайызы – жаратылыстану-техникалық бағыттар бойынша,
- 32,3 пайызы – әлеуметтік-гуманитарлық салаларда білім алады.
Сондай-ақ отырыс барысында ғылыми тағылымдама бағдарламасы бойынша да шешім қабылданды. Аталған бағытқа 165 өтініш келіп түскен. Үш кезеңдік іріктеуден өткен 68 үміткерге стипендия тағайындалды.
Отырыс қорытындысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Болашақ" бағдарламасын әрі қарай дамыту және жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.