Астана қаласында қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша «Sincere Systems» ЖШС басшылығына қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған ЖШС 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді және криптовалюта биржаларымен ынтымақтасатын компанияның атын жамылып, азаматтардан қаражат жинап келді.
Салымшылардың санын көбейту үшін ойдан шығарылған жобаларға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылды. Клиентті инвестицияның қауіпсіз екендігіне сендіру үшін ID беру арқылы клиенттің жеке кабинеті тіркелген, салымға тең виртуалды қаражатпен толықтыру мүмкіндігі бар веб-сайт құрылды.
Азаматтардан жиналған қаражат көлемі 215 млн теңге. Сот үкімімен «Sincere Systems» ЖШС басшысы 5 жылға инвестициялық қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.