Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің (БҰҰ университеті) зерттеу институтын ашу жоспарланып отыр. Жаңа институт 2027 жылдың басында жұмысын бастайды деп күтілуде. Бұл туралы Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ университетінің ректоры Тшилидзи Марвала мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа институт өңірлердегі экономикалық, саяси және технологиялық үдерістерді зерттеумен айналысады. Әсіресе жасанды интеллектінің экономикаға, адам қауіпсіздігіне және халықтың әл-ауқатына ықпалына ерекше назар аударылады.
Біз өңірлердің экономикалық, саяси және технологиялық даму ерекшеліктерін зерттейтін БҰҰ университетінің институтын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл әсіресе қазір, жасанды интеллект айналамыздағы барлық саланы дерлік өзгертіп жатқан кезеңде өте маңызды. Оның экономикаға әсері қандай? Адамдардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қалай ықпал етеді? Біз осы мәселелерді зерттейтін боламыз, – дейді Тшилидзи Марвала.
Бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанға докторантурадан кейінгі зерттеулермен айналысатын 30-дан астам ғалымды жіберу жоспарланып отыр. Олар қазақстандық ғалымдармен бірге халықаралық деңгейдегі саясатқа қатысты нақты шешімдер мен ұсынымдар әзірлейді.
Біз Қазақстанға 30-дан астам постдокторант жіберуді жоспарлап отырмыз. Олар қазақстандық зерттеушілермен бірлесіп, жаһандық саясат үшін нақты маңызы бар шешімдерді әзірлеумен айналысады, – деп атап өтті ректор.
Институтты 2027 жылдың басында іске қосу көзделген. Сонымен қатар БҰҰ университеті Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасуды жоспарлап отыр.
III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен БҰҰ университеті арасында өңірлік зерттеу орталығын ашу жөніндегі келісіммен алмасу рәсімі өтті.
Неліктен институтты ашу үшін Қазақстан таңдалды?
Бұл сұраққа жауап берген Тшилидзи Марвала бірнеше себепті атады.
Біріншіден, осы уақытқа дейін біздің Орталық Азияда өкілдігіміз болған жоқ. Екіншіден, Қазақстан – аса маңызды мемлекет. Бізді әсіресе жасанды интеллектіні дамытудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналатын деректерді өңдеу орталықтарына салынып жатқан инвестициялар таңғалдырды. Сондай-ақ қазақстандық зерттеушілер мен студенттердің әлеуетін жоғары бағалаймыз. Сондықтан дәл осы елде жұмыс істеуді таңдадық, – деді ол.
Ректордың пікірінше, Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып жатыр. Атап айтқанда, деректер базасына, алгоритмдерге, есептеу қуаттарына және жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануға инвестиция құйып келеді.
Дегенмен Марваланың айтуынша, жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін білікті мамандар даярлау, заңнаманы жетілдіру және технологияларды пайдаланудың ортақ стандарттарын қалыптастыру қажет.
Қазақстанның өркендеуіне қажетті барлық алғышарт бар. Ендігі маңызды мәселе – адамдардың жасанды интеллектіні қолдануға деген көзқарасын қалай өзгертуге болатынын анықтау. Бұл технологияны қоғам игілігіне пайдалану үшін қандай ынталандыру тетіктерін енгізу керек? Қандай ережелер, стандарттар мен заңдар қабылдануы тиіс? Осы мәселелерге назар аудару қажет, – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен БҰҰ университеті ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын. 2026 жылдың тамызында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Токиода Тшилидзи Марваламен кездесіп, тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және академиялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырған еді.