Балық шаруашылығы саласының мәселелері мен даму перспективалары Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен ҚР АШМ алқа мәжілісінде талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, салалық басқармалардың жетекшілері, бизнес-қауымдастық өкілдері, аумақтық инспекциялардың басшылары – барлығы 200-ге жуық адам қатысты.
Балық шаруашылығын дамыту агроөнеркәсіп кешенінің жалпы дамуына әсер етеді. Комитет министрлік қарауына берілгеніне бір жыл болды. Жұмыс жүргізіліп жатыр, алайда айтарлықтай нәтижелер байқалмайды. Балық шаруашылығын дамыту бойынша қойылған мақсаттарға жету үшін нәтижелер жеткіліксіз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, барлық бағыт бойынша жұмысты жандандыру қажет, – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин саланың қазіргі жағдайы туралы баяндап, жүйелі проблемаларды талдау нәтижелерін атап өтті. Балық шаруашылығы комитетінің қарамағында үш мемлекеттік кәсіпорын бар, олардың бірі – 1998 жылы іске қосылған, бірақ осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген Атырау бекіре зауыты.
Мемлекет басшысының Атырау бекіре зауытын жаңғырту туралы тапсырмасы аясында халықаралық тәжірибе зерделеніп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың көктемінде басталады деп жоспарлануда. Ұқсас жұмыстар Петропавл балық питомнигінде де жүргізіліп жатыр.
Каспий итбалығын сақтау үшін резерват құру шаралары қолға алынуда.
Су айдындарын балықтандыру көлемін арттыру үшін шешілуі тиіс өзекті мәселелердің қатарында мемлекеттік кәсіпорындардың жобалық қуатын арттыру бар. Бұл бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жылына 8 млн, тұқы балықтарын – 15 млн, ақ балықтарды – 100 млн данаға дейін көбейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ теңіз кәсіпшілігін дамыту шаралары, соның ішінде майшабақ аулау лимитін ұлғайту мәселелері талқыланды.
Каспий теңізінде майшабақ аулау басталып кетті. Дегенмен теңіз ресурстық әлеуетін толық пайдалану үшін теңіз балықтарының миграциясын кешенді зерттеу, бекіре балықтарының генетикасына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізу үшін зертхана құру қажет.
Теңіз балық аулау кемелерін жеңілдетілген несие беру және лизингке енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл шараларды қабылдау нәтижесінде 2025 жылға қарай теңіз балықтарын өндірудің жалпы көлемін 70 мың тоннаға дейін немесе 1,5 есе арттыру жоспарланып отыр.
Сала үшін маңызды бағыттардың бірі – аквамәдениетті дамыту болып табылады.
Аквамәдениет субъектілерін қолдау аясында жем-шөп, балық отырғызу материалдарын, дәрі-дәрмектерді субсидиялау, балық шаруашылықтарын құру кезінде инвестициялық шығындардың 25%-ын өтеу, жабдықтар мен техникаларды сатып алуды субсидиялау және басқа да шаралар қарастырылған.
Министрдің тапсырмасы бойынша аквамәдениет саласындағы субсидияларды мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесіне көшіру жұмыстары жалғасуда.
Заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізілуде: Мәжілісте «Аквамәдениет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл заң аясында аквамәдениетке мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, ірі инвесторлар үшін су айдындарын ұсыну, су беру қызметтерінің құнын субсидиялау тәртібі көзделеді.
Нәтижесінде, 2027 жылға қарай балық шаруашылықтарының саны 25%-ға артып, 700-ге жетеді деп күтілуде, ал балық өсіру көлемі үш жыл ішінде 20 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Жалпы алғанда, жылына 31 мың тоннаға дейін балық өсіруді көздейтін 71 жоба жүзеге асырылады.
2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау, цифрландыру, мемлекеттік балық питомниктерін жаңғырту, су айдындарын бекіту шараларын енгізу бойынша 16 іс-шара жүзеге асырылуда. Үш жылдық кезеңге арналған балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы әзірленді.
Саланың дамуына тікелей қатысы бар ұйымдардың басшыларын және бірқатар облыстардың әкім орынбасарларын тыңдаған министр Атырау қаласындағы зауыттарды жаңғырту бойынша Президенттің тапсырмаларын сапалы орындауды, балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының мақсатты индикаторлары мен іс-шараларын орындауды бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, «АКК» АҚ, «Даму» қоры және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды 5% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша несиелеу мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.