ҚР Әлеуметтік кодексінде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар шара көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Еңбекминінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасып, жұмыс істейді. Оған базалық және ынтымақты зейнетақы, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) зейнетақы төлемі кіреді. Соңғысы, өздеріңіз білетіндей, азаматтардың зейнетақы жинақтары есебінен қалыптасады.
Сонымен бірге ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқартылуда, өйткені оны тағайындау кезінде тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік кодексте көзделген зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралардың жаңа пакеті іске асырылуда. Оны іске асыру зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтарды зейнетақылардың сәйкес мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біріншіден, 2023-2027 жылдар кезеңінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70%-ға дейін, жоғары мөлшеріне дейін, яғни ең төменгі күнкөріс шамасынан 100-ден 120% деңгейіне жеткізу көзделген.
Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін көтеріледі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрайтын болады. Бұл Қазақстанның барлық 2,2 миллион зейнеткеріне әсер етеді.
Екіншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Осы шараларды іске асыру 2025 жылға қарай үш жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға – 109-дан 138 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағының артуына әкеледі.
ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға оза индекстелетінін еске салу қажет.
Жыл сайынғы өсімді ескере отырып, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120,7 мың теңгені құрайды (базалық – 37 862 теңге, ортақ – 82 881 теңге).
Үшіншіден, зейнетақылар мөлшерін арттыруға жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЖМЗЖ) есебінен қызметкердің пайдасына шартты-жинақтаушы зейнетақы компонентін енгізу де ықпал ететін болады. ЖМЗЖ 2024 жылғы 1,5%-дан 2027 жылға қарай 5%-ға дейін бес жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Бұл шара қазақстандықтардың жас буынын зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы төлемі, жинақтаушы – өз аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен. Осылайша, қазіргі жас ұрпақты зейнетақымен қамсыздандыруға мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің өзі жауапты болады. Бұл әлемдік тәжірибе және сонымен бірге әрбір жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің новеллаларының бірі БЖЗҚ салымшысының өзінің зейнетақы активтерінің 50%-ын өзінің дербес таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру мүмкіндігін беру болып табылады.
Бұл азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өздерінің зейнетақы жоспарын құруға, жинақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге өздерінің зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалануға құқық беріледі.
Бұл құқықты жалпы сомасы 120 млрд теңгеге 75 мыңға жуық еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққандар пайдалана алады.
Жалпы қабылданып жатқан шаралар еліміздің қазіргі ғана емес, болашақ зейнеткерлерін де зейнетақының сәйкес мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.